Риддердегі аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Оған Мемлекет басшысының тапсырмасымен 28 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қаражат мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен алынды. Жобаның жалпы құны – 34,8 млрд теңге. Әзірге оның 6,6 млрд теңгесі игерілген. Жаңа медициналық кешен 500-ден астам қызметкерді жұмыспен қамтиды. Олар көп салалы ауруханада 200 орындық стационар және 1 ауысымда 500 адам қабылдайды. Ғимараттың ашылуы 55 мың тұрғыны бар Риддер сияқты моноқала үшін аса маңызды. Қазір мұндағы халықтың 23 пайызға жуығы 60 жастан асқандар. Ал, қаладағы жалғыз аурухана 40 жыл бұрын салынған.