Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай қаланың немесе ауылдың санатында жоқ кенттердің мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады. Қазір шағын қалалардағы тұрғындардың жанайқайына көңіл бөлу маңызды. Депутаттың айтуынша, онда өмір сүру сапасы нашарлап барады. Кенттер мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалып, салдарынан білікті мамандардың келуі сиреген. Елдімекендерде білім мен денсаулық сақтау саласы бойынша кадр тапшылығы сезілуде. Сондай-ақ инфрақұрылым мәселесі де халықтың жағдайына кері әсерін тигізіп жатыр. Кенттердің 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына да енгізілмегенін айтқан депутат маңызды мәселелерді шешу үшін нақты шаралар ұсынды.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Ұлттық экономика министрлігі қалалық типтегі кенттерге инфрақұрылымдық және экономикалық қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламалар әзірлеуі тиіс. Білім және ғылым министрлігі тарапынан аталған аймақтардағы педагогикалық кадр тапшылығын жою, әсіресе STEM пәндері бойынша мұғалімдермен қамтамасыз ету үшін нақты бағдарлама қажет.
Депутат жас мамандарды осы аймақтарға тарту мақсатында арнайы ынталандыру тетіктерін қарастыруы қажет екендігін айтты. Оларды баспанамен қамту мәселелері оң шешімін табуға тиіс, деді. Сондай-ақ заманауи инфрақұрылымдық жобаларды енгізу маңызды деп атап өтті.