Делидегі түтіннің қалыңдығы сондай, сыртта бірнеше минут тұрған адам күлдің дәмін сезе алады. Бұл туралы Kazinform агенттігі ВВС-ге сілтемемен хабарлайды.
Түрлі мониторинг агенттіктері ұсынған мәлімет бойынша, дүйсенбі мен сейсенбіде Делиде ауа сапасы 1200-ден 1500-ге дейін нашарлаған. Айта кетсек, денсаулық үшін қауіпсіз норма - 100-ден аспауы тиіс. Бұл өлшемдер ауадағы PM 2,5 және PM 10 қатты бөлшектердің деңгейін көрсетеді. Ұсақ бөлшектер өкпеге енсе, көптеген ауру тудыруы мүмкін.
Қаладағы мектептердің көпшілігі жабылған. Билік тарапы халықты үйден шықпауға шақырды. Дегенмен күнкөріс үшін ашық ауада жұмыс істеуге тәуелді адамдар көшеде жүруге мәжбүр. Алайда жүгіру, тіпті жылдам жүру мүмкін емес, мұндайда көп ұзамай адамның тынысы тарылады.
Делиліктер әлеуметтік желілерде бұл жағдайдың кейінгі 15 жылда бірнеше рет қайталанғанын жазған.
Ал «Lancet» журналы жүргізген зерттеуінде қоршаған ортаның ластануы 2019 жылы Үндістанда 2,3 млн астам мезгілсіз өлімге әкелгенін анықтады.