$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда электр желісіндегі ақауды жоюға барған жұмысшы оқиға орнында көз жұмды

AstanaTV
22.11.2024ж. 09:17
108
Оралда электр желісіндегі ақауды жоюға барған жұмысшы оқиға орнында көз жұмды

24 қазанда Мичурино ауылында 36 жастағы «ЗапКаз РЭК» компаниясының электромонтері Михаил Дендеряны ток соғып, қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мой город сайтына сілтеме жасап.

Ол демалыстан кейін жұмысқа алғаш шыққан күні әріптесімен бірге электр желілеріндегі ақауды жоюға барған.

Марқұмның жұбайы Татьяна Дендеряның айтуынша, Михаил тірекке шыққан кезде тоқ оның денесіне кіріп, мойынының сол жағынан өтіп, оң аяғының бас бармағы арқылы шыққан.

«Түскі уақытта Михаилға хабарласып, «үйге түскі асқа келесің бе?» деп сұрадым. Ол жұмысы көп екенін айтып, кейінірек хабарласатынын жеткізді. 15 минуттан кейін оның ағасы қоңырау шалып, Михаилды тоқ соғып қайтыс болғанын айтты. Оқиға орнына жеткенде күйеуім жерге құлап жатқанын көрдім. Жанында жедел жәрдем мен полиция болды. Маған түсіндіргендей, күйеуім тірекке шыққан кезде тоқ соққан. Жұмысшы диспетчерге қоңырау шалып, тоқтың сөндірілгенін нақтылаған. Алайда тоқ екі жақтан да берілгенін ескермей, Михаилға жұмыс істеуге рұқсат еткен», – дейді Татьяна.

Сол күні кешке «ЗапКаз РЭК» өкілдері үйге келіп, көңіл айтып кеткен. Алайда басшылық қайғылы оқиғадан кейін отбасыға қолдау көрсетпеді, тіпті жерлеу рәсіміне де қатыспаған.

Михаилдың артында жұбайы, 11 жастағы қызы мен қарт әкесі қалды. Отбасы тергеудің әділ өтуіне алаңдаулы, өйткені істі марқұмның өзіне жаппақ деген күдік бар.

Батыс Қазақстан облысы еңбек инспекциясы басқармасы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Олар сот-медициналық сараптама нәтижесін күтіп отыр. Тергеу нәтижесі желтоқсанның басында дайын болады деп жоспарланған.

Ал «ЗапКаз РЭК» ЖШС қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің басшысы Сеит Масалимов компания тарапынан отбасыға бір миллион теңге көлемінде көмек көрсетілгенін мәлімдеді. Бұл қаражат кәсіподақ есебінен жиналған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы («Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу») бойынша іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.