$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада XVII «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттары марапатталды

Астанада XVII «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттары марапатталды

Астанада XVII «Жан шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттары марапатталды. Халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай ұйымдастырылған шара «AMANAT» партиясының қолдауымен өтті. Қоғамдық байқауды Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырды. 

Биыл «Жан шуақ» сыйлығына қатысушылар ашық дауыс беру нәтижесі бойынша анықталды. Комиссияның шешімі бойынша 8 мүмкіндігі шектеулі жан лауреат атанып, 1 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмысын жақсарту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "АМАNАТ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде мемлекет, қоғам мүгедектігі бар адамдардың мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Барлық түйіткіл ашық айтылып, жан-жақты көтеріліп жатыр. Мәселен Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл елімізде пилоттық жоба қолға алынды. Ол мүгедектік туралы шешімді тиісті мекемелерге бармай-ақ қашықтықтан алуға мүмкіндік береді. Осы жұмыстың барлығы «AMANAT» партиясының тікелей, әрі белсенді атсалысуымен жүзеге асырылуда.

Байқау жеңімпаздары елдің әр өңірінен келген. Абай облысының тұрғыны Абылайхан Асылбай «Өнер саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ол ата жолын қуып, бала күннен ұсталықты меңгерген. 1997 жылы оқыс оқиғадан соң, зергерлікке түбегейлі бет бұрған.

АБЫЛАЙХАН АСЫЛБАЙ, «ЖАН ШУАҚ» ҚОҒАМДЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Өнер саласымен айналысып жүргелі,бала кезімізден, ата-бабамыздан қалған, әкем – ұста, нағашы атам – зергер болған. Міне «AMANAT» партиясы осы еңбегімді бағалап, марапаттап жатыр. Бұл жастарға үлгі болсын, өнеге болсын деген мақсат ғой бәрімізде. Ұлттық қолөнерді жалғастырып келе жатырмыз ғой. соны әріқарай дамыта беруге, шәкірт тәрбиелей беруге үлес қосамыз деп ойлаймын.

Қоғамдық қызметтегі еңбегі үшін Иран Омарбеков атындағы қордың арнайы сыйлығымен Қызылордадан келген блогертәуелсіз журналист, блогер Зәуре Өксімбаева марапатталады. Ол мұндай марапат өмірге құштарлықты арттыратынын айтты.

ЗӘУРЕ ӨКСІМБАЕВА, «ЖАН ШУАҚ» ҚОҒАМДЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Жан шуақ республикалық байқауда өзім сияқты өмірге құштар, жыл сайын адамдар елеп-ескеріп марапаттап жатыр. Осындай конкурстар адамдардың өмірге құштарлығын одан сайын ашады. Адам өте позитивный өмір сүреді. Белсенді болады.

Аталған жоба бойынша 2008 жылдан бері 90-ға жуық адам марапатталған. Сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Олардың әрқайсысы түрлі бағытта еңбек етіп, елдің дамуына өз үлестерін қосып келеді.