Кезінде әйел толғатқанда үй ішінде тұрған заттардың бәрі сыртқа шығарылып, сандықтардың аузы ашулы тұрады екен. Осы арқылы ата-бабаларымыз толғақ жеңіл өтеді деп ырымдаған. Қазір, әрине, заман басқа. Медицина дамыды. Әйелдердің арманы жоқ. Босанамын десең, бар жағдай жасалған. Тіпті, босану бөлмесіне жұбайын серіктес ретінде ертіп кіруге болады. Ал оның жүйкесі шыдайтынына күмән келтіретіндер кәсіби доуламен босанып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс? Мөлдір Жақан білді.
34 жастағы Жазира Юсупованың екінші баласына аяғы ауыр. Жүктілігіне ерекше жауапкершілікпен қарайтын жас ана босануға алдын ала дайындалып жүргенін айтады. Алғаш рет дүниеге бала әкелгенде серіктес ретінде анасын таңдаған. Қазір кәсіби маманның, яғни, доуланың көмегіне жүгінгенді жөн санайды.
ЖАЗИРА ЮСУПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ол кісінің жұмысы болғандықтан, сен оны уайымдамайсың. Өзіңнің жақын адамың болса, ол кісіге психологиялық түрде ауыр болатындығын көресің де, оның саған да ауыртпашылығы тиюі мүмкін. Сондықтан бұл мамандықты қазіргі таңда керек деп ойлаймын.
Кәсіби доулаға деген сұраныс күннен күнге артуда. Олардың қызметінің құны орта есеппен 200-250 мың теңге. Көбінің медициналық білімі болады. Доулалардың жұмысы үш кезеңге бөлінеді. Алдымен аяғы ауыр әйелдер үшін йога сабақтарын өткізіп, дұрыс дем алуды үйретеді. Осылайша бірнеше ай бойы босануға дайындайды. Айы-күні жеткенде толғақты жеңіл өткеруге көмектесіп, психологиялық қолдау көрсетеді. Ал баласын қолына алған соң, әйел адамның тез арада өз-өзіне келіп, оңалуына атсалысады.
ОКСАНА КОРОЛЕНКО, ДОУЛА:
Адамнан адам шығу - оңай емес. Әйел дүниге бала әкелген соң, сүйектері мен органдары орнынан жылжып кетуі мүмкін. Оның бәрін қалпына келтіруге көмектесеміз. Өзіміздің әдіс-тәсілдеріміз бар. Массаж курсын тағайындаймыз. Әйел босанғаннан кейін оның денсаулығы қайта қалпына келуі үшін кемінде 40 күн қажет.
Акушерлердің доулаларға деген көзқарасы оң. «Бастысы – дәрігердің жұмыс процесіне кедергі келтірмеуі тиіс»,- дейді. Сондай-ақ доулалардың санитарлық кітапшасы болуы міндетті.
БАҚЫТ АЙЫМБЕТОВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ:
Соңғы уақытта барлық әйелдер партнерлермен келеді. Партнерға жолдасын, мамасын алады. Сосын доулалар бар. Доулалар бізге кедергі жасамайды. Кәсіби мамандықтары бар, кәсіби акушерка болған доулалар келеді бізге. Әйелдер өздері соған сеніп, доула алып келгеннен кейін біз де таңдауларын сыйлаймыз.
Серіктестік босануды асыл дініміз де құптайды. Ал психолог мамандар «босану кезінде әйелге жұбайы серік болса, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы мен махаббаты арта түседі» дейді.