$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жалақысы кешігіп, үстемеақыдан қағылған оралдық дәрігерлер шу шығарды

22.11.2024ж. 20:00
58
Жалақысы кешігіп, үстемеақыдан қағылған оралдық дәрігерлер шу шығарды

Оралда жалақысын уақытылы ала алмағаны аздай, үстемеақыдан қағылған дәрігерлер шу шығарды. Жұқпалы аурулар ауруханасы қызметкерлері соңғы кездері айлықты кешіктіріп төлеу әдетке айналды дейді. Ал мекеме басшылығы қарыздан көз ашпай отырғанын айтып, ақталып әлек. 

Аурухана қызметкерлері қазан айының айлығын әлі толық алмапты. Жалақының жырымдап төленгені аздай, қосымша жұмыс сағатына төленер үстемеақы да берілмеген.

АҚГҮЛ БҰҚАРОВА, БҚО ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Медицинский мекемелердің бәрінде 25-сі немесе 28-і береді ғой. Мында дейтін кешіктіреді, 10-ы ана айдың онына кетіп қалады. 15-сі сол уақыттарда береді. Қарашаның 10-ында алдық, жартысын берді ақшаның. Келесі жалақыны алуға жақынбыз. Авансымыздың жартысы жоқ мысалы. Бүкіл организацияда береді, сонда инфекционныйда задержка бола ма?

КАРОЛИНА МАЛЬЧЕНКО, БҚО ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

156 сағаттан асырып қосымша жұмыс істеген кездер болды. Бірақ ол қызметімізге көк тиын төленбеді. Тіпті еңбек демалысының ақысы да берілмейтін. Бұған дейін басқа салада жұмыс істедім, бірақ айлықты уақытында толық алып жүрдім. Мұндағы жағдай мүлдем басқаша.

Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, кейбір бөлімшелердің мамандарының жалақысы көтерілмеген. Осыған наразылық білдіргендерге басшылық қысым жасапты.

НАДИЯ АХМЕТОВА, БҚО ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз тұрғындарға қосымша ақылы қызмет көрсетеміз. Содан түскен қаржыға мамандарымыздың жалақысын, науқастардың дәрі-дәрмегі мен тамағын, содан кейін коммуналдық қызмет ақысын төлейміз. Бюджеттен бөлінген ақша жеткіліксіз болғасын, әзірге уақытында есептесе алмай жатырмыз. Жеткізушілерге де қарызымыз бар. Бірақ шамамыз жеткенше қазан айының жалақысын теңдей бөліп бердік.

Аурухана басшысы келер аптадан бастап айлықтың толық төленетінін айтты. Тағы бірер күн күтуге келіскен мамандар бұл уәде орындалмаса, құзырлы органдарға шағымданамыз деп отыр.