Бас прокурор Жақып Асанов өткен айда, Әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысында былай деген: «Айналадағы агрессия – жауыздық, зұлымдық – оның бәрі отбасылардағы жағдайдың жаңғырығы. Шаңырақтардағы атмосфера нашар, біз ұлдарымызды әке болуға тәрбиелемейміз... Менің ойымша, бастысы заңдарды емес, жалпы түсінікті өзгерту керек. Сонда нәтиже болады».
Бас прокурордың мәліметі: Әйелдерге жасалған қылмыс былтыр 2015 жылға қарағанда 90 пайызға өскен. 2016 жылы басыну пен қанаудан 36 әйел, бір бала ажал құшқан. 2481 әйел, 851 қыз бала зорланған. 742 әйел өзін-өзі өлтірген... Арызды әйелдер барар жер, басар тауы қалмағанда, қорлықтан өлуге айналғанда барып жазады, - дейді құқық қорғау органдарындағылар. Ажырасудың себептері біреу емес, бірақ басты себептердің бірі – осы – әйелін адам санамау, «мал» көру. Шын мәнінде өздері «мал» болып кеткен ер кісілер өмірден орнын таба алмаған, «күйігін» арақпен басқан жігерсіз жандар. Олар ауру адамдар.
- Ішеді. Ішіп келіп мені ұрады. Заттарды лақтырады. Қиратады. Мені қуады, қашамын.
Осындай "мысық-тышқан" ойыны бет-жүзін көрсетпеуімізді өтінген Айгүлдің айтуынша, он жылдан бері жалғасып келеді. Төрт баланың анасы үй шаруасында отырған адам. Небәрі 17 жасында етегінен ұстаған сүйіктісінен зәрезап болған келіншек. Бүгін амалсыз полицияға арыз жазуға мәжбүр болып отырғанын айтады.
Айгүл:
Көмек сұрап келдім енді, көмектесетін шығар. Полицейлер барса ішпейтін шығар енді деп отырмын. Негізгі себебі арақ. Арақ ішпесе жап-жақсы, отбасы,балалары да керек, семья керек. Уже арақ ішсе болды, бәрі бітті. Ешнәрсе керек емес. Көзіне ешнәрсе көрінбейді. Наркомандар сияқты ешнәрсе көрінбейді.
Қит етсе қол көтеретін әдетіне енді «балаларды тастап, үйден кет» деп қуалайтын "өнері" қосылғанын айтқан Айгүлдің, құдай қосқан қосағы тәубесіне келер деген үміті де жоқ емес. Айырылысып кетуге оны «жұрт не дейді және кеткенде қайда барамын» деген ой жібермейді.
Айгүл:
Туған-туысқандарымнан ұялам, ағайын туыстардан. Баратын төркінім жоқ. Барлық туған-туысқан, бауырлар өздерімен өздері. Ажырасып кетсем де басқа қайда барамын деп отбасын сақтап отырмын.
Ал жасы қырыққа келген Қарлығаш тұрмысқа кеш шыққан. Жолдасы екеуінің арасында сегіз жылдан бері бала жоқ. Өзінің айтуынша, күйеуінің ішкілікке салынып, жиі қол көтеруінің бір себебі осы. Салдарынан талай рет ауруханаға да түсіпті. Тек ажыраспақ ойы жоқ. "Бала асырап алсақ" деген арманы бар. Әйел адам ерінің де, баланың да бабын жасай білуі тиіс деген ұстаным оны алға жетелейді. Айрылысуға жібермейді.
Қарлығаш:
Алқаш екен деп көшеге лақтырып тастай алмайсың. Ол да адам баласы. Мына жақта арақ қойдыртатын жер бар екен, оқиды екен, бүйтеді екен деген жақтарға апардым, болмай жатыр.
Мен намысқа тырысып, осыны қайтсем арағын қойдырам, қайтсем ары қарай алып кете аламын, қайтсем өмір сүремін деп келе жатырмын ғой...Біреуінен ажырасқаннан кейін ертең ел айтады, басқа бар... Менде де перзент болса. Құдайдан бермегенді адамнан сұрап алсам, маған да біреуін берсе екен деймін...
Айзада Төребекқызы, тілші:
Қыз-келіншектерге жуан жұдырығын ала жүгіретін ерлер бір оңтүстікте емес. Еліміздің Бас прокуроры келтірген дерекке сүйенсек, әйелдерге қатысты қылмыстар саны былтыр 2015 жылмен салыстырғанда 90 пайызға өскен. Өз үйінде 36 әйел, 1 бала осындай зорлық-зомбылықтың салдарынан ажал құшқан.
Тәжірибелі психолог Айсұлу Бөрібаева отбасындағы кикілжіңге көбінде тұрмыстағы әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болатынын айтады. Бірақ бұл жұдырық ала жүгірудің бірінші себебі емес. Ол іште жатқан агрессияның салдары.
Айсұлу Бөрібаева, психолог :
Тек қана ер азамат ішкі агрессиясын сыртқы адамдарға көрсете алмайды. Оның ең қол жетімді адамы өзінің әйелі болғаннан кейін іштегі бар ойды әйел кісіге шашады. Іштей күйзелісте немесе жұмыс орнында басшылықтан алған ұрыс жағдайды сыртқа шығара алмағандықтан үйге келіп, әйеліне көрсетіп жатады. Бұл жағдайдағы ер азаматтарды айтуға болады - қоғамда өзінің рөлі төмен, өз орнын білмейтін әлсіз ер азаматтарға жатады.
Негізгі себептің бірі - сол баяғы қу арақ. Елдегі әрбір бесінші қылмыс маскүнемдік жағдайында жасалады. Кісі өлімінің тең жартысы, отбасылық-тұрмыстық қылмыстың 60 пайызы ішімдіктің кесірінен орын алады. Осындай деректерді келтіріп, құқық қорғау органдары әкімшілік қамау уақытын 3 сағат емес, кемінде 24 сағатқа ұзарту керек деп отыр. Тіпті бұрынғыдай екі тәулікке қамауға алу артық емес, деп санайды.
Мұсабек Зұлпыхаров, ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары :
3 сағаттың ішінде мас халде болсын, жәй ашуланған адам болсын, 3 сағаттың ішінде ашуы басылмайды. Үйге келіп, сол үйдегі әйелі немесе әке-шешесі, туған –туысқандары, бала-шағасынан бүкіл ашуын алып, қол жұмсауы мүмкін. «Сен не істедің маған, полиция қызметкеріне алып барғанда не істеді?!» деп, 3 сағаттан кейін қайтадан қол жұмсап, аяғында дене жарақатын салған. 24 сағатқа ұзарту дейтініміз, уақыт деген ең жақсы дәрігер. Өзін тоқтатуға, ақылға салуға уақыт береді.
Алайда Бас прокурор мұндай шаралардың да қайыры шамалы деп санайды. Жақып Асанов мұндай агрессорлар ауру адамдар, оларды арнайы орындарда емдеу керек,- деді.
Жақып Асанов, ҚР Бас Прокуроры :
Мұндай адамдарды біз «емдеуіміз» керек. Тағы да айтайын, олар өздерінің ауру екендерін білмейді. Үш жылдан бері Молдовада агрессорларға арналған орталық жұмыс істеуде. Онда бұзақы не өз еркімен, не сот арқылы мәжбүрлеп емделеді. Бізге де сондай психо-коррекциялық қызмет керек. Оған қаражат жоқ дейміз. Бірақ пайдасы жоқ вытрезвительдерге жыл сайын 5 млрд бөліп отырмыз. Одан да олардың орнына Молдова сияқты психологиялық орталықтарды құрсақ.
Қарағандылық Гүлмира Қабышева қаныпезер күйеуінен жігерінің мықтылығының арқасында аман құтылған. 31 жастағы келіншек қазір жаңа өмір бастаған. Тіпті кәсібін де ашыпты. Ол бұрынғы күйеуінің зорлық-зомбылығына он жыл бойы төзіп баққан. Әйтеуір бір күні жақсы күн туар деп жүріп, үш баласын дүниеге әкелген. Бастарында пәтер, астарында көлік, күйеуінде жақсы қызметі болғанмен ерінің соқыр қызғанышы пен қатқан "принциптері" ақыры отбасын ойран еткен.
Гүлмира Қабышева, Қарағанды қаласының тұрғыны :
Қазір өте бақыттымын. Біріншіден, балаларымның көңілі тыныш. «Әкеміз келіп, сойқан салады» деген қорқыныштан арылған. Екіншіден, көп достарым бар. Үшіншіден, менің түсінгенім өткен өмірімізде қандай жағдай орын алмасын біз бұрынғыны ойлап, өткенге орала бермеуіміз керек екен. Біраз уақыт көшеден қара түсті джип көлігін көргенде жүрегім суылдап, тоқтап қалатынмын. Қазір ол үрейден арылдым. Өзім үшін өмір сүремін.
2016 жылы заңды түрде ажырасқанымен арада жарты жылдай уақыт өткенде бұрынғы күйеуі жарты жыл бойы күштеп қамап ұстап, соққыға жығып, қанмен серт беруге мәжбүрлегенін айтады. Тіпті балаларының көзінше жалаңаштандырып, шашын қырғызып тастаған. Өлімші болып таяқ жеген әйел ауруханаға түседі. Мына фото - сол күндерден қалған жалғыз айғақ.
Мамандардың айтуынша, көп жағдайда әйелдер қайда барып мұң шағып, кімнен қолдау табарын білмейді. Тіпті азапты өмірге «жұрт не дейді» деген әңгімеге бола шыдайды. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықты ауыздықтайтын кешенді шаралар қабылданбаса, айдың - күннің аманында өз үйінде ажал құшатын әйелдер көбейе бермек. Өткенде Оңтүстік Қазақстан облысында "қорғанам" деп, күйеуін пышақтаған әйел 8 жылға сотталып кете барды. Оның бес баласы бар, кішісі емшектегі сәби...
Айзада
Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».