$538.64 €631.56 ₽6.85
×

Жезкиік. Енді 3 млн бөкен жортпайды...

AstanaTV
13.05.2017ж. 20:00
5897
Жезкиік. Енді 3 млн бөкен жортпайды...

Соңғы екі жылда киік қырылып, нақты неден екенін таппай жүрген жайымыз бар. Сондықтан Батыс Қазақстан облысында «киік басы көбейген» деген хабарға елеңдеп қалдық. «70 мың киік жайылып жүр, биыл 20 мыңға көбейеді» деген мәлімет бар.

Негізі, даламызда 80 жылдардың ортасына дейін 3 миллиондай киік жортқан. Екілене атып, «деликатес» деп қоймай жеп, одан мүйізі үшін қырып, озбырланғанымыз сонша, тоқсаныншы жылдардың соңында бар – жоғы ...20 -ақ мың киік қалды. «Жезкиік» деп алып, «қадірлейтінімізді» көрсеттік... Соңғы жылдары киік қырылғанда оның неден екенін таппағанда, Президент былай деген:

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Это говорит о том, что вообще безобразие полное, что мы не имеем соответствующих специалистов, не умеем определить на собственной земле, что творится.

Киік басын көбейтуге кедергі ...сол баяғы, болмашыға малдану.

Киік санағы әдетте көктемде жүргізіледі. Биыл мамандар өңірдегі бөкендердің 20 мыңға дейін көбейетінін айтады. Бірақ әуеден жүргізілген санақ қорытындысы жаздың соңында шығады. Оған дейінгі міндет – киікті  браконьерлерден қорғау. Жалпы, киіктердің көбеюі бірнеше факторға тәуелді. Мүйізіне қызығып, жыл сайын жүздеген бөкенді атып алатын браконьерлердің қаскөйлігін мамандар бірінші факторға жатқызады. Заңның жұмсақтығынан Батыс Қазақстанда киіктерді заңсыз аулау дерегі соңғы үш жылда бес есеге көбейген! Тіпті олардың ішінде полицейлер де бар. Бір қызығы, осы үш жылда бірде-бір браконьер сотталмаған. Ал осы уақыт ішінде 200-дей киік тушасы мен мыңға тарта мүйізі тәркіленіпті.

Қайрат Қадешев, БҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы:

Биылдың өзінде 4 айдың ішінде 14 қылмыстық іс ашылды. Оның екеуіне қазір соттың шешімі шықты. Екі азаматқа бір жарым жылға бостандығынан шектеу шешімі шықты.

Ал екінші фактор – пастереллез ауруы. Осы кеселден киіктер бір мезетте мыңдап қырылуы мүмкін. Жер бетін мұз басқан мезгілге мыңқ етпей, динозаврлар дәуірінен бері дін аман келе жатқан киіктерге соңғы 5-6 жылда осы бір дерт әбден үйірсек болып алды. 2010-жылы Батыс Қазақстанда 12 мың, араға жыл салып тағы 500 бөкен баудай түсті. Бұған Бетпақдаладағы киікқырылғанды қосыңыз. Бірақ мұның алдын алуға биологтар да қауқарсыз. Ал үшінші фактор - киіктер төлдейтін кез. Бөкендер лағын өргізер кезде табиғат күрт құбылатын өліара шақты қазақ Құралай дейді. Бұл жолғы қауіп әуеде қалықтап ұшқан жыртқыш құстардан келеді.

Қайрат Қадешев, БҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы:

Киік жаппай төлдеген кезде жаңбыр жауады. Жаңбыр жауған кезде құстар ұшпайды. Жаңа туған кішкене ғана төлі екі сағаттан кейін тұрып кету керек. Соған дейін тұрмаса жаңағы қарақұстар келіп, көздерін шұқып тастайды. Өздерінің жемтігі қылып тастай береді. 

Былтыр еліміздегі киік саны 108 мыңға жеткен. Үстірт пен Бетпақдала қырғынынан кейін Орал өңірі киік ең көп шоғырланған аймаққа айналды. Қазір бұл жануарларды санап, мониторинг жасауға мемлекет 800 миллион теңге бөліпті. Бұл қаржыға жүрдек көліктер сатып алынып, жануарларды әуеден бақылау уақыты ұлғайтылған.

Бақытбек Дүйсекеев, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті басқармасының басшысы:

«Қазавиаорманқорғау» мекемесін Батыс Қазақстан облысына орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар киіктер шоғырланған жерді әуеден бақылайды. Бұған қоса, Қостанай мен Ақтөбе облыстарындағы Бетпақдала популяциясын күзетеді. Бұл істі жеңілдету үшін ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды (дрон) қолдану жоспарда бар.

Бірақ мониторинг киіктердің қозғалысын, көбеюі мен азаю қарқынын ғана зерттейді. Ғылыми тұрғыдан терең үңілу үшін бұл жеткіліксіз. Өйткені жабайы жануарларды даладан ұстап алып, тексеру немесе емдеу мүлдем мүмкін емес. Бір орында зырғып тұрмайтын киіктер мемлекеттік шекараны да мойындамайды. Әрі күшпен ұстаған кезде үркек хайуанның шошынып өліп те кетуі ықтимал. Сондықтан 2010-жылы Батыс Қазақстан облысында еліміздегі алғашқы тәлімбақ ашылды. Қазір мұнда жиырмаға тарта киік бар.

Нұрлан Серғалиев, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры:

Бұл тәлімбақта киіктерді тереңірек зерттеуге болады. Қолда ұсталған жануарлар адамға біртіндеп үйренеді. Әрі олардан қан алып, түрлі жағдайларға бейімділігін тексеруге болады. Түрлі аурудан қорғайтын антибиотиктерді тексеріп көру жоспарда бар. Бірақ мұның бәріне қаражат керек. Біз бұл жануарларды тез жоғалтып алуымыз мүмкін. Ал жоғалған нәрсені қалпына келтіру оңай емес.

Басында грантпен күн көрген орталықты қаржыландыру екі жыл бұрын тоқтап қалыпты. Осыдан кейін бұл жобаны жергілікті оқу орындарының бірі өз қарамағына алған. Бірақ бұл бастамаға мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасалмаса, күллі институттың жұмысын бір өзі атқарған жалғыз орталықтың ісі теңізге тамған тамшыдай мардымсыз. Мамандар киіктердің құрып кетуі мүмкін екенін жасырмайды. 2002-жылы бұл жануарлар Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Бізде де 2020-жылға дейін киікті аулап, атуға тыйым салыныпты. Бірақ бәрібір, қорғай алмай отырмыз. Шенеуніктер әлемдегі киік популяциясының 80% елімізде екеніне малданса керек. Ылғи сол, болмашыға малдану...

Еркін Карин, Наурыз Халит, «Біздің Уақыт».