$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Таразда грант орнын сатқан колледж директоры сотталды

AstanaTV
24.11.2024ж. 20:12
37
Таразда грант орнын сатқан колледж директоры сотталды

Тараз қаласы №2 сотында колледжге грантта оқыту үшін пара алды деп айыпталған колледж директоры сотталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта белгілі болғандай, 2024 жылдың қыркүйегінде колледж директоры өзінің қарамағындағы оқытушы - азаматша Ш.-дан «ақпараттық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша ұлын грантқа түсіру үшін 80 мың теңге көлемінде пара алған.

«Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлерімен сотталушы А.-ның кабинетінде жүргізілген тінту нәтижесінде ақ қағазға оралған 80 мың теңге табылып, оны сотталушы өз еркімен барсеткасынан шығарып, қызметкерлерге тапсырған», - делінген хабарламада.

Сотталушылар кінәсін толық мойындады.

Кінә іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни сотталушылардың, куәлердің айғақтарымен, тінту хаттамасымен, құпия тергеу құжаттарымен және басқа да заттай дәлелдемелермен дәлелденді.

Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәлерін мойындауын, жасаған іс-әрекеттеріне шын жүректен өкінулерін, соттылықтың болмауын, жұмыс пен тұрғылықты жерлерінен жақсы мінезделуін және жас балаларының болуын таныды. Ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталған жоқ.

«Жасалған қылмыстық қоғамдық қауіптілік дәрежесі мен сипатын ескере отырып, А.-ға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, параның 25 еселенген сомасы, яғни 2 млн теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды.

Ш.-ға - мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, параның 15 еселенген сомасы, яғни 1,2 млн теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды», - делінген сот хабарламасында.