Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шығыс қазақстандықтар Қымызмұрындық мерекесін тойлады!

AstanaTV
13.05.2017ж. 20:00
3841
Шығыс қазақстандықтар Қымызмұрындық мерекесін тойлады!

Өскеменде тұңғыш рет қымызмұрындық мерекесі тойланды. Қымыз десе сілекейі шұбыратын қазақтар, әсіресе, ақсақалдар жағы биылғы саумалдан ауыз тиіп, мәз-мейрам болды. Бұл сусын – халық игілігі, мақтанышы және Қазақстан бренді. Оның тарихы тереңде жатыр. Біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырда әйгілі Геродот «скифтердің бие сүтінен ерекше әдіспен әзірленген ақ түсті таңғаларлық сусыны» бар екенін жазған. Ал 18-ғасырда бие сүтінен әзірленетін сусынға дәрігерлер қызыға бастады. Өйткені қымыз өкпе ауруларын емдеп, ішек-қарын жолдарын қалпына келтіреді. Сырқатқа қуат береді. Сиқырлы сусын десек болады. Ал біздің ата-бабаларымыз ұзақ қыстан соң алғашқы саумалдан жасалатын қымыз мерекесін асыға күткен. Дәм татып, қалай әзірлегеніне баға берген. Ол кезде қымыз ішу рәсімі ауқымы жағынан Наурыз мерекесі сияқты тойланған. Бүгінде елімізде  қымыздың 16 түрі бар. Бірақ ең дәмді, ең пайдалысы көктемдегі алғашқы қымыз. Өйткені осы кезде далада шөп-шалғын өсіп, өсімдіктің түр-түрі гүлдейді. Сондықтан қазақтар көктемнің алғашқы қымызымен құда түсіріп, сыйлы қонақ қабылдап, жарыстарда дәм тарттыратын болған. 

Әлмұқан Әбдіхалықов:

50 жылдарда биелер төгіп кетпесін деп аңдытып қояды биебаудағы котельдерді. Сол отырғанда қолымызға ағаш қалақ беріп, ақ қымыздың көбігін жалап отырамыз. Бұл жақсы саумал қымыз, балаларға да, бәріне де ем болады, шипа қымыз, дәрі қымыз. Осылай, барлығы ойыңа түседі. Мұнда жақсы, күшті қымыздарды дөнен қымыз, бесті қымыз дейді, оны құдаларға, үлкен кісілерге береді.

Бал қымыздың тағы бір құпиясы – ол міндетті түрде ағаштан жасалған, арша бұтасымен күйдірілген күбіде сақталады. Сабасы да тобылғы, қайыңмен ысталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәмді, балғын қымыз әзірлеу үшін сүтті тәулігіне 5 мың рет сапыру керек. Неғұрлым көп піссе, соғұрлым дәмді болады. 

Тоғжан Арығаниева, колледж студенті:

Саумал деген – бірінші жаңа сауылған қымызды айтады. Ал ашытылған қымыз бөлек қымыз болады. Арнайы ашытып, пісіріп істегеннің дәмі бөлек болады. Одан соң қымызмұрындық деген бар. Ол қойдың құйрық майымен, ал кейбір жерлерде оны сүйексіз, семіз қазыдан жасаған. Сүрленген жаядан қосып, оны дәкеге орап, қымызға салып даярлаған.

Шығыс өңірінің адамдары былай дейді: ең дәмді қымыз  Қатон-Қарағайда, ең пайдалысы Зайсанда, сергіткіші Семейде, емдік қасиеті көп Үржарда. Сөйдейді де, Абай жеріне қонаққа шақырады!