$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Астанада жыл басынан бері 635 өрт оқиғасы тіркелген

Астанада жыл басынан бері 635 өрт оқиғасы тіркелген

Астанада жыл басынан бері 635 өрт оқиғасы тіркелген. Жылу маусымы басталғалы тілсіз жаудың кесірінен көз жұмғандар бар. Қайғылы жағдайды болдырмау, алдын алу мақсатында қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп профилактикалық шара ұйымдастырды. Мамандар осал топтағы отбасыларға улы газды анықтағыш датчиктерді тегін орнатып берді. 

Апат айтып келмейді. Алайда "Сақтансаң, сақтаймын" демекші, елордада өрттің салдарынан болатын оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында «Біз қауіпсіздік үшін» профилактикалық шарасы ұйымдастырылды.

СӘРСЕНҒАЛИ АҚЖОЛОВ, НҰРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Екі мемлекеттік органның да алға қойған мақсаты – сол адамдардың қауіпсіздігі. Өздеріңіз білетіндей, олқылықтар болып жатыр. Өрттер болып жатыр. Адам шығыны болып жатыр. Ол барлығымыздың жанымызға батады. Қазіргі таңда осы жүргізіп жатқан түсіндірме жұмысының өзі кішкентай балалар, кәмелетке толмаған балаларды үйде қалдыруға болмайды. Ол балаларды қалдырған кезде не болу керек деген сияқты осы іс-шара осыған ұйымдастырылған.

Рейд жұмыстары елорданың шет аумақтары мен іргелес елдімекендерде өтті. Тамыз айында басталған жұмыс жылыту маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.

МАДИЯР МЫРЗАГЕЛДИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың үйлеріне аралау жұмыстарын жүргізіп, түсіндіру жұмыстары оның ішінде жадынамалар таратып және улы газ анықтайтын датчиктер орнатылуда. Жалпы 15-сәуірге дейін бұл жұмысты өткізетін боламыз.

Құтқарушылар тұрғындарға балаларды жалғыз қалдырмауды тиянақтап тапсырды. Ал көпбалалы отбасылар төтеншеліктердің игі ісіне алғыс білдірді.

ЗУЛЬФИЯ ЖҰМАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Енді мен балаларды жалғыз қалдыруға қорқамын. Жалғыз қалдырмаймын. Қазір мама бар қасымда. Көметеседі. Мен бір жаққа кетсем, мамам отырады балалармен. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жыл сайын келіп, датчикті қойып береді. Көп рақмет оларға.

Рейд жұмысына 200-ден аса құтқарушы жұмылдырылды. Олар бір күнде 1 527 жеке сектордағы үйді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша 2,5 мыңнан астам бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ 27 датчик орнатылды. Ал 47 отбасында бұрын бекітілген құрылғылар тексеріліп, батареялар ауыстырылды.