$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Павлодарда жылуға жарымаған тұрғындар шу шығарды

25.11.2024ж. 20:00
60
Павлодарда жылуға жарымаған тұрғындар шу шығарды

Павлодарда қыс басталмай жатып-ақ, үйлер салқындап кетті. Тұрғындар пәтерлерінде қалың киіммен отыруға мәжбүр. Ала жаздай жылу құбырын жөндесе де, нәтиже болмапты. Амалы таусылған бұқара арнамыздан араша сұрады.  Ольга Уткина – Қамзин көшесі 96 үйде тұрады. Оның айтуынша, күн суытқалы пәтері жылымай қойған. Содан үй ішінде қалың киіммен жүруге мәжбүр. Жылудың мардымсыз берілуіне қатысты шағым жасағанымен одан да нәтиже шықпапты.

ОЛЬГА УТКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз үйде қатып отырмыз. Қалың киіммен жүреміз. Анам науқас. Төсек тартып жатыр. Ол 2 көрпе жамылып жатуға мәжбүр. Үй жылынсын деп жылытқыш қосып отырмыз. Бір айдан бері үйдегі жылу мардымсыз.

Амалы таусылған тұрғындар құзырлы органдарға хабарласып көмек сұраған. Алайда, еш қайсысынан қайыр болмапты. Ал көпқабатты үйге жауапты мекеме телефон көтермейді.

ОЛЬГА УТКИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қоңырау шалсақ пәтер иелерінің бірлестігі тұтқаны тастай салады. Ешқандай жауап бермейді. Менің ватсаптағы номерімді бұғаттап тастады. Біздің үйдің тұрғындарының көбінің номері бұғатталды. Олар біздің кінәміз жоқ - деп бізді маңына жолатпайды.

Биыл Қамзина көшесіндегі жылу магистралі ауыстырылған болатын. Десе де, кейбір үйлерге жылу жетпей отыр. Бұл баспанаға тексеру жүргізген тұрғын үй инспекциясы жылу батереяларының бітелгенін айтады.

БЕРІК ТЕМІРҒАЛИНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қамзина 96 мекен-жайында жылу беру қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары сараптама жүргізіп, радиаторларды тазалау бойынша ұсыныстар бердік.

Тұрғындар құбырды тазалау жұмыстары бұрында жүргізілгенін айтады. Алайда, одан да нәтиже шықпаған. Сондықтан, бұдан да қайыр болмай ма - деп алаңдап отыр.