$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Кез келген адам баспана кезегіне тұра алады

25.11.2024ж. 20:00
110
Кез келген адам баспана кезегіне тұра алады

Баспанасы жоқ кез келген адам ешқандай санатқа кірмесе де үй кезегіне тұра алады. Тұрғын үй саясатын реформалауға қатысты заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Жергілікті атқарушы органдардың есепке алу, кезекке қою және баспана бөлу сынды функцияларын енді Отбасы банк атқарады. Заң жобасының тағы қандай тиімді тұстары бар? Толығырақ Айбек Салдатбек айтады. 

Енді кәмелет жастан асқан кез келген адам үй кезегіне тұра алады. Ол үшін соңғы 5 жылда атына тіркелген баспанасы болмауы керек. Үй беру кезінде азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейіне мұқият мән беріледі.

ҚАРАХАН ҚАБИ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Отбасы банк осы функцияларды орталықтандырылған түрде "бір терезе" қағидатына сәйкес жүзеге асыратын болады. Қажетті ақпараттар мемлекеттік дерекқорлардан тікелей тартылатын болады. Адами факторлар алынып тасталған. Тұрғын үйді бөлу функциялары автоматтандырылған түрде, ашық түрде жүзеге асырылатын болады.

Тұрғын үйге әуелі кезекте ұзақ тұрғандар қол жеткізеді. Оған қоса азаматтардың кіріс деңгейі назарға алынады. Құжаттарды әзірге EGov порталы арқылы тапсыруға болады. Заң күшіне енгенімен, “Отбасы банкі” жұмысын 6 айдан кейін толық бастайды.

ЖАНСҰЛТАН МАТАЙ, "ОТБАСЫ БАНК" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі таңдағы елімізде бар 650 мың шамасында кезекте тұрған азаматтар бар. Сол бірыңғай республикалық жаңағы кезекте тұрған азаматтардың электрондық базасымен біз әрі қарай жұмысты жалғастырамыз. Әкімдіктердегі жаңағы кезекте тұрған азаматтардың ақпаратын, мағлұматын біз соған көшіруіміз керек. Ол оңай жұмыс емес. Сондықтан осындай 6 ай кезеңдік өтпелі кезең алынып отыр.

Келесі 8 санаттағы әлеуметтік топтар да тұрғын үйді алғаш боп ала алады. Олар: ұлы отан соғысының ардагерлері мен соған теңестірілгендер. Жетім балалар. Көпбалалы аналар және отбасылар. 1 мен 2-ші топтағы мүгедектер. Мүгедек балалары бар отбасылар. Басқа ел аумағында әскери іс-қимылға қатысқандар. Сондай-ақ жесір қалған әйелдер.

Бүгінде 60 мың адам сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйде тұрады. Заңда ондай баспананы жекешелендіру қарастырылған.