$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 8,7 мың адамға әлеуметтік төлем жасалды

AstanaTV
25.11.2024ж. 17:59
53
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 8,7 мың адамға әлеуметтік төлем жасалды

Жыл басынан бері зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 8,7 мыңнан астам қызметкерге сақтандыру ұйымдарынан 2 млрд теңгеге жуық арнайы әлеуметтік төлемдер төленді. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтып берді, деп хабарлайды KAZINFORM.

Спикердің сөзінше, өмірді сақтандыру саласы азаматтарымыздың ерекше санаттарын сақтандыру арқылы қорғауды қамтамасыз ету жөнінде маңызды әлеуметтік функцияны орындайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2023 жылғы желтоқсанда заң қабылданды, онда сақтандыру ұйымдары есебінен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 55 жасқа толған қызметкерлерге жаңа әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру көзделген. Төлемдер қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру арқылы жүзеге асырылады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Биылғы жылдың 9 айында 8,7 мыңнан астам қызметкерге сақтандыру ұйымдарынан 2 млрд теңгеге жуық арнайы әлеуметтік төлемдер төленді. Оған қосымша болашақ төлемдер үшін 19,7 млрд теңгеге резервтер қалыптастырылды.

Бұл төлемдерден басқа 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шеңберінде алдын алу және оңалту шараларына төлемдер енгізілді.

«Алдын алу шараларына арналған төлемдер жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін жүзеге асырылады, ал оңалту шараларына төлемдер зардап шеккен қызметкердің денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалатын шығындарды өтеуге арналған. Аталған шаралар өндірісте зардап шеккен және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған», - деді М. Хаджиева.

Айта кетейік, төлем зейнеткерлік жасқа толғанша ғана төленеді. Өйткені зейнетақы тағайындалғаннан кейін олар тоқтатылады.