Бүгінде несиесі еселеп, мәселесін қалай шешерін білмей шарадай басы шақшадай болған жан көп. Мамандар тіпті бір басына 10 несие рәсімделген адамдардың барын айтады. Ол азаматтарды жазғыра да алмаймыз. Қаржы сарапшылары сондай тұрғындарды қолдау мақсатында ауыл-аймақ, елдімекендерді аралап 9 айдан бері арнайы сабақтар өткізуде.
Қайрат Рабаев -6 баланың әкесі. Отбасындағы негізгі табыскер өзі болғандықтан ешқандай жұмысқа қымсынбайды. Ақшаны да беталды жұмсап, бар екен деп есепсіз шашуға жаны қас. Сол ұстаныммен Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер алғанын айтады. Майда-шүйде несиеге жүгіре беру көрсеқызарлық емес, қаржылай сауатсыздық дейді ол.
ҚАЙРАТ РАБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ақша жинау, ақшаның басын құрау сауаттық деп ойлаймын. Өйткені ақша жинау кіріс пен шығысты есептей білу. Не болса соны ала береді адамдар. Мысалы 700-800 мыңға баласына телефон алып береді. Ол телефон бір жылдан кейін ескіріп қалады, оның басқа үлгісі шығады. Басқа түрлері шығады. Сол үшін ол мақсатсыз жұмсау деп есептеймін.
Жұрттың бәрі қаржылық сауатты емес. Сондықтан мамандар бұл жұмысқа бел шешіп кіріскен. Бір ғана Қызылорда облысында жыл басынан бері 10 мыңға жуық адам арнайы курстан өткен. Оған 36-49 жас аралығындағылар тұрақты қатысады екен. Онда тапқан тиыныңызға дейін қалай басқаруға, жүйелі жұмсауға үйретеді. Ал қаржылай тығырыққа тірелгендерге жол көрсетіледі.
БАЛДЫРҒАН МАМЕН, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:
Әр топтан орта есеппен 75-85 пайызға дейін несие қарыздары бар. Соның ішінде төлей алмай қындыққа ұшырап жүрген әр топтан жоқ дегенде кейде 10 пайызға дейін кейде 5 пайызға дейін азаматтар кездесіп жатады. Яғни төлей алмай жүрген. Төлей алмай жүрген азаматтарға қатысты заң бойынша қазір заңгермен бірге шаралар қабыдап жатқан жағдайымыз бар. Олардың қарызды алу формалары да әртүрлі ол кісілердің.
«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы қазір өте өзекті. Себебі қай кезде де отбасылық бюджет, оны қалай жұмсау керектігі туралы толыққанды ақпарат алу маңызын жоғалтпайды.
ГҮЛШАТ МҰСАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі 1 трл теңгеге дейін жылдық табысы осы тұтыну кредиттері арқылы түсіп отыр. Жалпы бізде қаржылық сауаттылықтың ақсап тұрғандығы. Сол үшін халықтың нисиге деген көзқарасын өзгерту.
Қордаланған қарызбен өмір сүру кейбіреулер үшін қалыпты жағдайға айналды. Халықтың қарызға белшеден батуы талай шаңырақтың шайқалуына әкелуде. Сондықтан кіріс-шығысты есептеу, қаржыны мақсатты жұмсауды бала күнінен адам бойына сіңіру керек дейді қаржы сарапшылары.