Атырауда бүлдіршіні кәріз құдығына құлап қайтыс болған балабақша басшысы мен тәрбиешісі сотталды. Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты функционалдық міндетін дұрыс орындамағандарға екі жыл 6 айға шартты түрде жаза тағайындады. Одан бөлек педагогикалық қызметте 3 жыл жұмыс істей алмайды. Қайғылы жағдай биыл шілде айында таңертеңге уақытта қаладағы «Чебурашка» жекеменшік балабақшасында болды. Кәсіпкердің екі қабатты ғимаратты жалға алып, балабақшаны ашқанына бір ғана жыл болған екен. 3 жасар бөбекті қараусыз қалдырған тәрбиеші ашылғаннан бастап жұмыс істеген. Сотталушылар кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Олар енді жазаның барлық мерзімінде пробациялық бақылауда болады.