Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қостанай облысында бір отбасы бұрынғы мәйітхананы паналап отыр

AstanaTV
12.05.2017ж. 20:00
2459
Қостанай облысында бір отбасы бұрынғы мәйітхананы паналап отыр

Қостанай облысы Затобол кентінде бүтін бір отбасы бұрынғы мәйітхананы паналап отыр. Баспана тауқіметін тартқан Раушан Қожамқұлова үш баласымен бірге көне ғимаратты  мекендеуге мәжбүр.

Мұнда бір ай бұрын көшіп келген отбасы оған дейін қарт анасымен бірге пәтер жалдап тұрыпты. Кезінде мәйітхана, кейін стоматология болған ескі нысан мектепке жақын, балаларға ыңғайлы. "Мұнда тек көгілдір отынмен, электр жарығына ақша төлейміз. Бізге жаны ашыған ғимарат қожайыны уақытша тұруға рұқсат берді", -дейді шарасыз ана. Бір өкініштісі, жергілікті басылымда жарық көрген мақаланың кесірінен далада қалуы мүмкін.

Раушан Қожамқұлова, Затобол кентінің тұрғыны:

Ғимараттың қожайыны келіп, жүгіңді жинап, бұл жерді босат, дейді. Белгісіз біреулер мәйітхана аумағында адамдар тұруға болмайды  деп шағымданған. Әрине, ол кісі бізді шақырған жоқ. Біз өзіміз өтініш жасап едік.

Раушан 2012 жылы үй кезегіне тұрған. 5 жылда Затобол кентінде 3 үй салынып, небәрі 80 адам баспаналы болыпты. Қожамқұловтардың кезегі қашан келері белгісіз,-дейді аудан атқамінерлері. Ал кент әкімінің орынбасары тұрмысы төмен отбасыға қолдан келген көмекті көрсетуге дайын. Бірақ баспана мәселесін шеше алмаймыз, деп отыр.

Зәуреш Тұрсынбаева, Затобол кенті әкімінің орынбасары:

Бізге Қожамқұлова Раушан әлеуметтік көмек сұрап келген жоқ. Қолымыздан келгенше көмектесеміз. Қазіргі кезде бізде коммуналдық тұрғын үйлер жоқ. Оған көмек көрсетуге шама жоқ. Ол кезекте ЖКХ арқылы тұр.

Заңғар САНАЙ