Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Дәрі-дәрмек сатушылар 8-ден 20 пайыз аралығында ғана пайда табуы мүмкін

AstanaTV
12.05.2017ж. 20:00
5216
Дәрі-дәрмек сатушылар 8-ден 20 пайыз аралығында ғана пайда табуы  мүмкін

Алдағы уақытта дәрі-дәрмек сатушылар 8-ден 20 пайыз аралығында ғана пайда табуы  мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі бағасын мемлекеттік реттеуді енгізген соң, фармацевтика нарығында біраз өзгеріс орын алмақ. Ол шарықтаған бағаны тұсауға сеп болады. Парламенттік тыңдауда депутаттар осы мәселені пысықтады.

Сарапшылардың мәліметінше, былтыр фармацевтика нарығында 458 млрд теңге айналымда болған. Оның 60 пайызы - тұрғындардың қалтасынан шыққан қаражат. Басы ауырып, балтыры сыздаған адам соңғы уақытта дәрі-дәрмек бағасының қаншалықты өскенін жақсы біледі. Депутаттар мұны пайдаға құныққан алып-сатарлардан көріп отыр. Олар екі-үш есе пайда табуға тырысады, дейді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин "Димедрол" бағасын мысалға келтірді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Уәкілетті орган биыл "Димедролды" сатып алу бағасын 6 теңге 99 тиын деп белгіледі. Ал бөлшек саудада бір ампуласы 22 теңге, яғни 3 есе қымбат. Мұны ешкім қадағаламайды. Бәрі нарыққа сілтейді.

Дәрі-дәрмек нарығында бағаны бақылауға әкімдер де қауқарсыз. Ақтөбе облысының басшысы дәріхана қожайныдарын жазалауды ұсынды. Дәріні өндіру мен тұтынушыға жеткізу аралығын электронды түрде автоматтандыру керек дейді. Рубль әлдеқайда құнды көрші Ресейдің өзінде препараттар бізден әлдеқайда арзан көрінеді. 

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Если взять в нашей соседней Оренбургской области лекарство для диабета, если перевести в нашу валюту, оно стоит 8 500 тенге, а у нас стоит 17 тысяч тенге, то есть в 2 раза выше. Аналогично, «Урсосан» у них стоит 7 тысяч, а у нас - 14 тысяч тенге.

2015 жылдан бастап медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілер бағасын мемлекет бақылауға алған. Яғни алып-сатар өзіндік құнға 25 пайыздан артық қоспауы керек. Қалғаны нарықтың еркінде. Енді жаңа заң бойынша дәріхана сөрелеріне түскен барлық препараттардың бағасы бақылауға алынады. Фармацевтердің қанша пайда табатынын министр айтты.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

Мәселен, көтерме баға 8-20 пайыз аралығында бекітіледі. Қымбат препараттардың пайызы төмен, ал адамдар көп тұтынатын арзан дәрілерге көп пайыз қосуға болады деп белгілейміз. Өйткені оларды сатуға қызығушылық болу керек. Әйтпесе тапшылық болуы мүмкін. Тұжырымдама толық дайын болған соң, қанша үнем болатынын айтамыз.

Аталған заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Күзде Парламент қарауына беріледі деп жоспарланып отыр.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ