$498.55 €524.28 ₽4.75
×

СҚО-да полицейлер жалға берілген пәтерден мас күйдегі жасөспірімдерді анықтады

AstanaTV
26.11.2024ж. 19:17
81
СҚО-да полицейлер жалға берілген пәтерден мас күйдегі жасөспірімдерді анықтады

Петропавлда полицейлер түнгі уақытта тыныштықты бұзу туралы қоңырау бойынша шара қабылдау үшін Астана көшесіндегі үйлердің біріндегі жалдамалы пәтерге барды, - деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақпаратты тексеруге келген полицейлер ішімдік ішіп алған жастардың үстінен түсті. Алкогольді емін-еркін ішіп жатқан алты адамнан құралған жастар тобы көршілердің тынығуына кедергі келтірген. Тыныштықты бұзушылардың бір-екеуі тәртіп сақшыларынан балконда жасырынуға тырысқан.

Көңіл көтеріп жатқандардың төртеуі кәмелеттік жасқа толмаған болып шықты, екі жасөспірім мас күйде болған. Хаттамаға қол қойдырып, балаларын алып кету үшін полиция қызметкерлері ата-аналарын шақыруға мәжбүр болды.

"Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндерінен бастап тәртіп сақшылары жасөспірімдердің түнде жүруінің 48 дерегін және қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйде жүруінің 161 фактісін анықтады. 23-25 қараша аралығында облыста "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылау күшейтілді", – дейді ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.

Сондай-ақ 3 күн ішінде түрлі 829 құқық бұзушылық анықталды. Есепте тұрған 1 мыңнан астам адам, қараусыз қалған 418 үй, 529 азаматтық қару иесі тексерілді.