Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысының екі ауданында медициналық пункт ашылды. Заманауи емдеу қондырғыларымен жабдықталған мұндау мекеме бұрын бұл ауылдарда мүлдем болмаған екен. Ал тұрғындар басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса аудан орталығын жағалап, дәрігер іздейтін азаптан құтылдық деп қуанып отыр.
Медициналық пункт "Ауылда денсаулықты жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 130 миллион теңгеге салыныпты. Үш айда бой көтерген нысан бір ауысымда 15 адамды қабылдай алады. Елге қажет емдеу орнының ашылғанына ең алдымен ауылдың үлкендері қуанды. Өйткені ауырса алыстағы аудан орталығына аттанатын. Енді осы қиындықтың бәрі артта қалды.
МИРХАТ ӘЖІБАЕВ, ТҰРҒЫН:
Осы уақытқа дейін мынадай заманауи медициналық пункт болған жоқ. Бұрынғы медициналық пунктіміз кішкентай болатын. Әр жерде қандай орын босайды, сол жерді береді. Сөйтіп жүргенбіз.
КЕҢЕС ЖҰМАҒАЛИЕВ, ТҰРҒЫН:
Медпункт болмай, мектептің жанында, контордың жанында солай болатын. Қазір енді өзімізге дербес ФАП ашылып, соған қуанышты болып, халық көп рақмет айтып жатыр.
Медициналық пункт заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Тұрғындар облыс орталығына сабылмай-ақ, дәрігер көмегін осы жерден ала алады. Мамандардың айтуынша, мұнда орнатылған кейбір қондырғылар тіпті облыс орталығындағы ауруханаларда жоқ.
МУФТАХ ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, АҚСОҒЫМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Ауылдағы халыққа не керек? Ауылдағы халыққа су керек, жол керек, медициналық пункт керек, мәдени орталық керек. Интернет керек. Осы ауылда бұл мәселенің бәрі түгелдей шешілді. Кезінде қалаға көшіп кеткен азаматтар өздерінің туған елдері жақсарып жатқаннан кейін қайтадан елге келейік деген ұсыныс енгізіп жатыр
Сонымен қатар бүгін Бәйтерек ауданының Садовое ауылында да фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұл елді мекен тұрғындарының саны 300-ден асады. Бұған дейін алысқа қатынап қиналған тұрғындар енді дәрігердің жақыннан табылғанына қуанып отыр.