$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Президент Қазақстан мен Ресей бірлесіп атап өтетін атаулы даталарды айтты

AstanaTV
27.11.2024ж. 22:08
87
Президент Қазақстан мен Ресей бірлесіп атап өтетін атаулы даталарды айтты

Қазақстан мен Ресей келесі жылы бірқатар атаулы күнге орай мерекелік іс-шаралар өткізеді. Бұл туралы Ақордада Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздердің қорытындысына орай өткен брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«2025 жылға көп шаруа бар. Өте көп бірлескен жобаны жүзеге асыруымыз қажет. Ол еліміздің азаматтарына да, бизнеске де айтарлықтай пайда әкелеріне сенімдімін. Келесі жылдың қаңтар айында негізгі мемлекетаралық құжаттардың біріне — Қазақ-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа 20 жыл толады. 2025 жылы бізді үлкен мерейтойлар, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы күтіп тұр. Біз елдерімізде осы атаулы күндердің барлығына орай мерекелік іс-шаралар өткізуге келістік», — деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты күнтәртібі үнемі нақты бастамалармен және жаңа қызықты жобалармен толықтырылып отыратындығын айтты.

«Сөзімді қорытындылай келе, Қазақстан мен Ресей халықтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың ілгерілеуі мен әл-ауқатының негізін қалай отырып, стратегиялық әріптестікті нығайту жолымен әрдайым жүріп келе жатқанын тағы да атап өткім келеді. Бүгінгі іс-шаралардың оң нәтижелері біздің одақтастық қатынастарымызды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деді Президент.