Астанада “S-Group” қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің басшысы инвесторлардың ірі көлемдегі ақшасын кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астананың Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, айыпталушы М. 2020 жылдан 2022 жылға дейін "Instagram" және "TikTok" әлеуметтік желілері арқылы "S-Group" қаржы пирамидасының қызметін белсенді түрде жарнамалаған. Сондай-ақ ол арқылы презентациялар, Zoom конференцияларын өткізіп, ҚР азаматтарын "S -Group" қаржы пирамидасының салымшысы болуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тартқан.
“Осыдан кейін сотталушы оларды кеңсесіне шақырып, ешқандай күш салмай-ақ қомақты табыс табатынына уәде етіп, оларды тіркеп, олардан қолма-қол ақша алған. 2020 жылдан 2022 жылға дейін тартылған қаражаттың (келтірілген залал) жалпы сомасы 83,1 миллион теңге”, – делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлердің айғақтарымен, үгіт-насихат жұмыстарының бейнежазбаларымен, ақшалай қаражаттың түсуі бойынша кіріс ордерлерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Прокурор сотталушыны 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Айыпталушы өзінің іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығын алға тартып, тағылған айыпты мойындамады. Ал жәбірленушілер өз кезегінде айыпталушыны қатаң жазалауды және азаматтық талапты қанағаттандыруды сұрады.
“Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты М.-ді қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2) тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға соттады. Сондай-ақ оған азаматтардың қаражаты мен инвестициясын тартуға байланысты коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқаруға 7 жылға тыйым салынды”, – делінген хабарламада.
Сот жәбірленушілердің 52,6 млн теңге азаматтық талабын қанағаттандырды. Қалғаны қалғаны татуласуға байланысты талап қоюдан бас тартты.