"Жастар рухы" Жастар қанатының белсенділері ардагерлердің ауласын тазалап, есік алдының қарын күреп жүр. Осылайша "Таза Қазақстан" акциясы аясындағы "AMANAT" партиясының "Ардагерлерді ардақтайық" жобасы күннің суығында да жалғасын табуда. Игі шара еліміздің бірнеше өңірінде өтті. Қостанайлық соғыс ардагеріне теңестірілген Шәміл Бижанға өңірдегі "Жастар рухының" белсенділері көмек қолын созды. Оған қоса "Алтын алқа" иегері Құлдырайхан Жомартқызына да жәрдемдесті. Жас буын қос қарияның батасын алып, құрмет көрсетуде.
АРУЖАН СӘРСЕНБАЕВА, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Үш жыл ішінде біз елуден астам қарт адамдарға көмектестік. Атамыз атап өткендей бұл біздің аталарымыздың қалған аманаты біз үшін.
Жоба аясында Павлодар жастары да зейнеткерлердің үйлеріне барды. Раиса Қамышкенова - 87 жаста. 6 бала өсіріп, немере, шөбере көрген бақытты ана. Белсенділер әжейге үй шаруасына көмектесіп, жігіттер ауладағы қарды күреді. Разы болған кейуана батасын берді. Жыл басынан бері белсенділер 50-ден астам қарияға көмек қолын созған.
РАИСА ҚАМЫШКЕНОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:
Балаларға көп рахмет! Дендері сау болсын! Бақытты болсын! Жұмыстары жемісті болсын!
МЕРҒАЛИ ЖҮСІП, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ "ЖАСТАР РУХЫ" ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жалпы осындай бізде үлкен адамдарға көмектесу тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. "AMANAT" партиясының қабылдау бөліміне өтініш білдірген осылай келіп өз жәрдемімізді жасаймыз. Осы партиялық жоба аясында Қарттар үйіне де бардық. Ол жерде "Жастар рухы" үлкен кісілерге концерт беріп, жақсы көңіл күй сыйлады. Сол ғимараттың қасында тазалық жұмыстарын жүргізген болатынбыз.
Бас қаладағы белсенділер де қыс түсіп, күн суығанына қарамай ардагерлерден көмегімізді аямаймыз деп отыр.
ІНЖУ ЖҰМАЙҚЫЗЫ, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ АЙМАҚПЕН ЖҰМЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Астана қаласындағы белсенділеріміз олар күннің суығына қарамай осы қарт кісілеріміздің үйлеріне барып аулаларын тазарту бойынша болсын, үйлерін жинастыру бойынша болсын көмек қолын созуда.
Алдағы қыс мезгілінде де 17 облыс пен 3 қалада еріктілер ардагерлерге көмек қолын созуды жалғастыра бермек.