Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Жылу электр орталығындағы апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
15.05.2017ж. 20:00
3558
Жылу электр орталығындағы апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қызылордадағы жылу электр орталығында апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы мәлімдеді. Пайдаланылмай тұрған 80 метрлік түтін мұржасын бұзу кезінде бір жұмысшы қаза тапты. Оның денесін бүгін құтқарушылар әрең қазып алды. Ал енді бір жұмысшы жансақтау бөлімінде жатыр. Тілшіміз Шарипа Сақтапова мән-жайды анықтауға тырысты. Шарипа, оқиға қалай болған?

Шарипа Сақтапова, тілші:

Ия, Ләйлә, жұмысшылар жылу электр орталығындағы түтін мұржасын бұзу кезінде үйінді астында қалған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар бір жұмысшыны бірден тауып,  облыстық медициналық орталыққа жеткізген.

Ал 47 жасар Тұрақ Бақановтың мәйітін сегіз сағат өткен соң, түнгі сағат 3:45-те табады. Кәсіпорын 80 метрлік түтін мұржасын 2003 жылдан бері сүруді жоспарлапты. Биыл АБК компаниясы тегін бөлшектеп, құрылыс қалдықтары мен темір бөлшектерді алуға келіскен. Бірақ мердігер бұл жұмысты бұрын-соңды 80 метрлік құбырмен айналысып көрмеген "Алтын ЛТД" компаниясына ысыра салған. Жылу орталығының басшысы осылай деп отыр.

Бауыржан Мадраимов, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры:

Білмеймін, жүкті дұрыс есептемеді ме? Олар құлар-саймандарды пайдаланған болатын, оның ішінде электр құралдарын. Бір жағын тесіп, сол жаққа тірек шпалдарын қойған болар. Жоспарымыз: жартылай мұржа бойына тесік жасап, соңда шпалдар салып, өртеу еді. Өз салмағымен ол құлау керек-тұғын.

Мердігер компания басшылығы марқұмды жерлеуге көмектесетіндерін айтқан. Марқұм Тұрақ Бақанов туған жері Қармақшы ауданында жерленеді. Мердігерлер зардап шеккен Рысбек Айтқұловтың да еміне қажетті көмектерді көрсетпек.

Шарипа, ауруханаға жеткізілген жұмысшының халі қалай?

Шарипа Сақтапова, тілші: 

Науқас дереу жансақтау бөліміне жеткізілген. Ауруханаға апарғанда хал үстінде болыпты. Қазір дәрігерлер жағдайы бірқалыпты деп бағалап отыр.

Ардақ Дәрібаев, облыстық медициналық орталығының дәрігері:

Науқасқа ота жасауға тура келді. Он қолындағы жарақатты тіктік. Бұғаттау құрылғысын оң қолының сүйектеріне қойдық. Қазір науқастың жағдайы бір қалыпты, қанағаттанарлық. Жансақтау бөлімінде емін қабылдап жатыр.

Рахмет, Шарипа! Бізбен тікелей байланыста болған Қызылордадағы тілшіміз Шарипа Сақтапова.