Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жапонияда жұмыс істейміз деген бір топ шымкенттік тақырға отыруы мүмкін

AstanaTV
15.05.2017ж. 20:00
3372
Жапонияда жұмыс істейміз деген бір топ шымкенттік тақырға отыруы мүмкін

Жапон елінің зауыттарының бірінде  жұмысқа орналасудан үмітті бір топ шымкенттік азамат, жергілікті фирмаға «алданып қалдық», дейді. Олардың айтуынша, шетелден жұмыс тауып беруді уәде еткен серіктестікке сеніп, сұратқан ақшасын берген. Бірақ бір емес, екі рет орта жолдан қайтыпты. Ал жауапты серіктестік басшылары, екі жағдайда да «біздің кінәміз жоқ», деп отыр. Тараптардың пікірін тыңдаған әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.

Қолына құжатын құшақтаған бұл азаматтар «жұмыс тауып берем» деген фирманың табалдырығын тоздырып жүр. Енді жұмыс емес, жиып берген ақшаларын қайтарып алмақ. Айтуларынша, әрқайсысы 2800 көк қағаздан, яғни 900 мың теңгеден санап беріпті.

Күнкөрістің қамын ойлағандардың сөзіне сүйенсек, оларға «Жапонияда машина жасау зауытында  үш ай жұмыс істеп қайтуға»  уәде етілген көрінеді. Барлығын ай сайынғы 2500 АҚШ ақшасымен төленетін еңбекақы қызықтырған. Жол шығыны, жатын орын, барлығы осы қаражаттың ішінде болуы керек екен. Алайда ақпан айының ортасында аталған фирмамен келісімшарт жасасқандар Өзбекстан әуежайынан әрі аса алмапты.

Сайдазим Алимханов, Шымкент қаласының тұрғыны:

Не үшін деп сұрағанымызда «билеттерің фальшивый» деп айтты да. Екінші рет, 8-май күні айтты, «Сендерге қайтадан билет алып берем, Корея арқылы Японияға ұшырам», деді . "Мақұл" деп, билеттерін алдық. Сонымен Кореяға кіргенімізде ешкім бізді күтіп алған да жоқ. Бұл жақта айтқан бізге, «күтіп алады мистер Сон» деген, сендерді  Японияға апарып келісімшартқа тұрғызады деп айтқан да.

Камаладдин Турсынходжаев:

Японияға өте алмадық біз. Екі күн подвалда жатып қайтып келдік. Сүлейменовке келдік, «Сабеждің» бастығына қайтып келген күні келдік. Біз айттық, ол бізді Японияға тағы ұшырам деді. Бармаймыз Японияңа, біздің ақшамызды қайтар дедік.

Ал жауапты фирма директоры «екі жағдайда да біздің кінәміз жоқ» деген уәж айтты. Біз тек қана жұмыс беруші мен жұмысшы арасында «делдал» қызметін атқарамыз деп қосқан басшы, мұның бәрі келісімшартта көрсетілгенін, дәйек етті.

Ахмеджан Сүлейменов, «Сабеж» ЖШС директоры:

Келісімшартта көрсетілген кедендік шекараны өтуіне немесе өтпеуіне фирма жауапкершілікке ала алмайды. Себебі ол тіптен бөлек мемлекет, келісімшарт бойынша осыдан әрі қарай ешнәрсе жасамаймын десек, біздің тікелей бұл жерде кінәміз жоқ. Сондықтан біз оны өзіміздің «ақ» екенімізді дәлелдей аламыз деп отырмыз. Бірақ дегенмен олар да адамдар, олардың бәрі қаржылай шығынға ұшырап отыр. Сондықтан біз оларға бірнеше варианттарды ұсынып отырмыз.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Аталған фирма шетелге жұмысқа барам дегендерге бірнеше елге сапар шегу мәселесін ұйымдастырып бермек. Ал ақшасын кері қайтаруды талап еткендеріне жол мен виза шығындарынан артылған соммасын ғана қайтарамыз деді. Айта кетейік, ішкі істер қызметіне үш адамнан арыз түскен. Осының негізінде «алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ