Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) Атлантикалық дауыл маусымы осы демалыс күндері ресми түрде аяқталып, Америка мен Кариб теңізінде қирау, экономикалық шығын ізін қалдыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі БҰҰ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы жылы 18 атаулы дауыл, 11 дауыл және 3 немесе одан жоғары санаттағы бес ірі дауыл болған. Бұл Атлант бассейні үшін орташадан жоғары көрсеткіш, мұндай белсенділік қатарынан тоғызыншы маусым бойы қайталануда.
– Жылдан жылға климаттық дағдарыс жаңа рекордтар жасауды жалғастыруда. Бұл экстремалды ауа райы оқиғаларының, соның ішінде тропикалық циклондардың тез күшеюіне, қарқынды жауын-шашын мен су тасқынына алып келеді, – деді ДМҰ Бас хатшысы Селеста Сауло.
Берилл дауылы Атлант мұхитының бассейнінде тіркелген ең алғашқы 5-санаттағы дауыл ретінде тарихқа енді. Шілдеде ол Кариб теңізінде жойқын күшпен соқты. Берилл үйлер мен инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіргенімен, оның адам өміріне төнетін қаупі ерте ескерту жүйелері арқылы біраз азайтылды.
Атмосфералық жағдайларға байланысты тамызда дауылдың белсенділігі бәсеңдеді, бірақ қыркүйектің басында дауылдардың жиілігі мен қарқындылығы қайтадан артты. 25 қыркүйектен бері жеті дауыл болды, бұл маусымның соңғы рекорды.
«Хелен» дауылы Флориданың шығанағы жағалауына қыркүйектің аяғында соғып, апатты су тасқыны мен шығын әкелді. Бұл дауыл Америка Құрама Штаттарында 2005 жылы Катрина дауылынан кейінгі ең қауіптісі болды.
2024 жылғы дауыл маусымы климаттық дағдарыстан туындаған күшті дауылдардың алаңдатарлық үрдісін көрсетті.
Тропикалық циклондардан қаза болғандардың орташа саны 1970-ші жылдардағы 350 мыңнан астам адамнан 2010 жылдардағы 20 мыңға дейін төмендегенімен, экономикалық шығындар өсті. Тек 2024 жылы Құрама Штаттардағы төрт дауылдың әрқайсысы 1 миллиард доллардан астам шығын әкелді.