Ахысқа түріктерінің Қазақстанға табан тірегеніне биыл - 80 жыл. Осы уақыт ішінде елімізге қоныстанған түрік ағайындар қазақ халқымен біте қайнасып, қоян-қолтық араласып, сіңісіп кеткен. Өсіп-өніп қана қоймай, ел дамуына да зор үлес қосып келеді. Мерейтой салтанаты туралы өңірдегі тілшіміз Айзада Төребекқызы толығырақ айтады.
Шымкенттегі «Достық» үйінің алды мерекелік сән салтанатқа бөленген. Ахысқа түріктерінің Қазақстанға қоныстануының 80 жылдығына арналған іс-шара ерекше аталып өтті. Жиналғандар алдымен "Қазақ халқына мың алғыс" монументіне гүл шоқтарын қойды.
1944 жылы қазақ жеріне қоныс аударған ахысқа түріктері содан бері қазақ халқымен біте қайнасып, тату –тәтті ғұмыр кешіп келеді. Мерейтойға жиналған көпшілік Шымкент қаласындағы түріктер туралы мұрағаттық құжаттар мен қолөнер көрмесімен танысты. Ахысқа түріктері ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай отырып тамырын тереңге жайып, бүгінгі күні Қазақстанның ажырамас бөлігіне айналды, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.
МАРАТ ӘЗІЛХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
80 жылдық тарих бауырмалдықтың , төзімділіктің және ортақ болашаққа деген сенімнің жарқын символы деп айтуға да болады. Ахысқа түріктері Қазақстан халқы ассамблеясымен тығыз байланыста елдің бірлігі мен қоғамдық келісімін нығайту жолында белсенді жұмыс істеп, зор үлес қосып келеді.
Ахысқа түріктері әлемнің 9 мемлекетінде өмір сүріп жатқандарын айтады. Ал үшінші мегаполисте 7 мыңға жуық түрік этносының өкілі тұрады. Олар ғылым, білім, спорт секілді түрлі салада еңбек сіңіріп, жоғары дәрежеде көрініп жүр. Мұның бәрі құшағы кең қазақтың дархан пейілің арқасы деп біледі.
ОРАЗБАЙ КАМАЛОВ, АБАЙ АУДАНДЫҚ ТҮРІК ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Ахысқа түріктерінің арасынан шыққан ұлағатты ұстаздар, ғылым кандидаттары, профессор, ғылым докторлары қазір осы жерде жұмыс жасауда. Ал енді қазіргі уақытта Қазақстанда оқимын деген адамға, жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалынған. Тек қана оқу керек, жұмыс істеу керек, өзін көрсету керек.
Мерекелік шара аясында бірқатар белсенді азамат арнайы марапатталып, қошеметке бөленді. Мерейтой соңы концерттік бағдарламаға ұласты.