$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағандыда мемлекеттік кәсіпорындар табыс таппайды

AstanaTV
16.05.2017ж. 20:00
3484
Қарағандыда мемлекеттік кәсіпорындар табыс таппайды

Қарағандының мемлекеттік кәсіпорындары табыс таппайды. Қалада бюджеттен қаржыландырылатын 65 мекеменің тек үшеуі ғана табыс әкелген. Бұл туралы «Астана» телеарнасына Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының өкілі Ораз Тәуірбеков мәлімдеді.

Ревизорлар ауыл шаруашылығы мен білім, мәдениет, спорт саласындағы бірқатар компанияларды тексерген. Олар - жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар. Бұл мекемелердің жұмысына өткен жылы жергілікті бюджеттерден 7 жарым млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сөйте тұра, компаниялардың көбі қазынаға табыс әкеле алмаған.

Қалада тіркелген 65 кәсіпорынның 56-сы еш табыс таппаған, шығынға да ұшырамаған. Яғни кезекті қаржы жылын нөлмен аяқтаған. Ал 6 компания 215 миллион 600 мың теңге шығын әкелсе, тек 3 мекеме ғана қазынаға 1 млрд 603 млн теңгеден астам кіріс әкелген.

Ораз Тәуірбеков, Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының өкілі:

Шығынмен жұмыс істеген 6 кәсіпорынның қатарында ветеринарлық станция, қалалық саябақ, Қарағанды көркем серіктестігі, катартор орталығы, "Ауыл береке" мекемесі бар. Оларға бюджеттен бөлінген 7 млрд 300 млн теңгенің 10-11 пайызы берілген.

Кіріс әкелмеген қалалық ветеринарлық станция өткен жылы бюджетке 7 млн шығын әкелген. Табыстарынан техника мен құрал-жабдықтарға, жоспарлы қызметтерге кететін шығындары көп. Мекеме басшылығы қалыптасқан жайтты ақылы қызметтердің аздығымен түсіндіреді. Станцияға қаңғыбас ит пен мысықтарды аулау, вакцина жасау мен биологиялық қалдықтарды жоюға ғана рұқсат етілген.

Әділғазы Ақтаев, «Қарағанды қалалық әкімдігінің ветеринарлық станциясы» КММ директорының міндетін атқарушы:

Халықтың малын емдеуге рұқсат берсе, ит, мысық демей-ақ қояйын. Әсіресе жылқы, сиыр, шошқа, қой малдарын емдеуге рұқсат берілсе, сонан кейін биологиялық қалдықтарды бізге тасуға рұқсат берсе, бір жағынан бізге табыс көзі болар еді. Оның бәріне біздің устав бойынша рұқсат жоқ.

Айжан ҚУАШ