Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отырса, ал 4 миллиардтан астам халық тіршілік нәрінің тапшылығын тартуда. Сондықтан әлем елдері келешектегі сын-қатерлерге қазірден бастап күш біріктіруі қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев One Water саммитінде осылай деп пікір білдірді. Президент мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды. Осы арқылы 2 млрд-қа жуық адамды сумен қамтамасыз етуге болады деді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі.
Табиғи апаттардың алдын алу да маңызды. Себебі, жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Бұл шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына қатты әсер етеді. Сондықтан қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіруді ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императив. Су қауіпсіздігі проблемасын шешу One Water қағидаты аясындағы көпжақты диалогты дамытуды талап етеді. Қазақстан су ресурстарын жаһандық ауқымда басқару ісін нығайтуды көздейтін осы ұжымдық әрекетке өз үлесін қосуға дайын.