$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Алматы облысында салынып жатқан жаңа мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі

04.12.2024ж. 20:00
140
Алматы облысында салынып жатқан жаңа мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі

Алматы облысы Қарасай ауданындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешені маңынан салынып жатқан жаңа мектеп келесі жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілмек. 2 мың оқушыға арналған білім ордасының құрылысымен әріптесім Жомарт Түзелбай танысты. 

2021 жылы құрылысы басталған жаңа мектеп білім және ғылым министрлігінің жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы аясында бой көтеруде. Қазір құрылыс жұмыстарының тең жартысы аяқталған.

ӘЛІМЖАН ИСАҚОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біз бұл мектепті 2000 балаға жоспарлап салып жатырмыз. 10 блоктан тұратын мектептің ішіне 1 спорт залы мен акт залы кіреді. Жалпы аумағы 33 мың шаршы метрді құрайтын мектептің құрылысы қазір белсенді жүргізілуде. Алдағы 10 күндікте сыртқы фасад жұмыстарын бастаймыз.

Бүгінде мектептің қабырғасы тұрғызылып, терезесі салынуда. Аумағы 33 мың шаршы метрді құрайтын құрылыс алаңында 30 жұмысшы еңбек етуде. Құрылыстың не себепті баяу жүріп жатқанын мамандар материалдардың қымбаттауымен байланыстырды.

БАҚЫТЖАН МАШРАП, ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

2020-2021 жылдар арасында инвестор өз қаражат есебінен жобалық сметалық құжаттарын әзірледі. 2021 жылы құрылыс жұмыстары басталды. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 23 ші жылы құрылыс жұмыстары баяулатылып, жобалық сметалық құжаттамаға түзету енгізілді. Сонымен қатар биыл 2024 жылы құрылыс жұмыстары қайта басталды.

Мамандар оқу ғимаратының құрылысы қыста да тоқтамай, 2025 жылдың маусым айында толығымен аяқталады деп отыр. 1 ауысымда 2000 балаға білім беретін мектепке 4000-ға жуық оқушы қабылдау жоспарлануда.