Егер экологияға жауапты мекемелер тезірек қамданбаса, Орал өңірін кактус басып, қоршаған ортаның бүлінуі мүмкін. Батысқазақстандық экологтар Жайық бойында тікенекті өсімдіктің тез таралып жатқанын айтып, дабыл қағуда.Айтуынша, кактус негізі облыс аумағында өспейді. Бірақ қала маңында қазір жайқалып тұр. Оны кім әкелгені де белгісіз. Бірақ дәні жан-жаққа таралса, жайылып өсіп бой бермей кетуі мүмкін. Тікенегі сояудай кактус мал мен адамды жарақаттап жүргізбейді, тіпті айналасындағы өсімдіктерді де өсірмейді екен. Мамандар алаңдаулы. Бұл іске жауапты органдар араласпаса, жағдай ушығуы мүмкін.
ВЛАДИМИР АБДУЛОВ, БИОЛОГ:
Екі ай бұрын отбасыммен осы жаққа серуендеп жүргенде табаныма қатты тікенек кіріп кетті. Қарасам, осы жерде 4-5 түп кактус өсіп тұр. Бұл өсімдік біздің жаққа қалай келді деп қатты таңғалдым. Кактустың негізі оның отаны – Мексика. Біздің жақта кактустың табиғи жауы жоқ. Оны тіпті түйе де жей алмайды. Сондықтан тез тарала ма деп қорқамын.
ДАРХАН САРИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Австралия құрлығында 1839-жылы бірер опунция түскен де, ол 80 жылдың ішінде бүкіл жайылымдарды қаптап, мал қырыла бастады. Тарихи айғақ осылай. Қазіргі уақытта ешкім ештеңе айтпайды. Бүгін-ертең... былай сырт көзге қарағанда қауіп жоқ сияқты. Бірақ біздегі мәлімет бойынша белгісіз біреулер, менің түсінігімше, институт-ау деймін, осы опунцияны жерсіндіру қазір бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.