Қызылжарда мектеп оқушыларының үстіне төбе опырылып түсіп, үш бала зардап шекті. Олар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Білім ошағы бірнеше жыл бұрын ғана қолданысқа берілген. Бұл жағдайға не себеп болды? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин толығырақ жеткізеді.
Төтенше жағдай кеше кешқұрым екінші кезеңнің соңғы сабағы кезінде болған. Үшінші қабаттағы кабинеттердің бірінде ауданы екі шаршы метр болатын төбенің сылағы құлап түсті. Салдарынан соңғы партада отырған жетінші сыныптың үш оқушысы зардап шекті. Екеуі арқасынан, ал үшінші бала басынан жарақат алған.
АЛЕКСАНДР ГАССМАН, СҚО КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Оқушылардың бас миы шайқалмаған. Үшеуі де жеңіл жарақаттанған. Жай күйлері жақсы. Біз оларды ертеңге дейін бақылап, сосын үйлеріне жібереміз.
Қожаберген жырау атындағы қалалық нөмірі алтыншы мектеп 2020 жылы қолданысқа берілген. Бүгінде білім ошағында мыңға жуық бала оқиды. Мекеме басшысы оқыс жағдай болған кабинетті уақытша жауып тастағанын айтады.
АЙНАГҮЛ ЕСҚАЛИЕВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
Енді сылақ құлаған жоқ. Қабырғалар сырылып кетіп, ондай жағдайлар болатын. Ал жазғы мезгілде кәдімгідей ағартып, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Қалған балалар сабақ оқиды. Кабинетті жаба тұрамыз, нақтылап.
Жергілікті билік өкілдері мердігер берген кепілдік мерзімі аяқталып қалғанын айтады. Қазір білім басқармасы арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізбек.
ДИНАРА РАҚЫШЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Комиссия құрамына төтенше жағдай, сәулет құрылыс басқармасының мамандары мен ата-аналар және басқа да құзырлы органдар кіреді. Алдымен олар аталған кабинетті қарап, тексереді. Егер қажет болса, мектептің бүтіндей техникалық жағдайын тексереді.
Айта кетейік, мектепті салған компанияның бұған дейін де сан мәрте басы дауға қалған болатын.