Жамбыл облысына инвестиция тарту көлемі артып келеді. Жыл басынан бері 21 жоба іске қосылып, 700 жұмыс орны ашылды. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму туралы брифингте айтты.
Облыс экономикасына жыл басынан бері 370 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. 2028 жылға дейін аймақта 80 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
2025 жылы инвестиция тарту есебінен өнеркәсіп өнімі көлемін 7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі өнімін 5,5 пайызға өсуін қамтамасыз ету. Өңдеу өнеркәсібі экспорты көлемін 200 млн АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қазір өңірде құрылыс қарқын алған. Облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа шағын аудандар бой көтеріп келеді.
ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жыл басынан бері 577 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 3709 пәтерлі 78 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 2024 пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ жыл соңына дейін 60-қа жуық әлеуметтік нысан құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілмек. Өңірде тозығы жеткен және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмек.
ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Нәтижесінде 7 оқу орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептің мәселесі шешілмек. Мектептерді жаңғыртуға 3,1 млрд теңге бөлінді.
Аймақта келер жылы жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті анықтаудың мамандандырылған жүйесін енгізу жоспарланған.