$515.25 €535.91 ₽5.18
×

Астанада «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің ашылуы өтті

05.12.2024ж. 20:00
339
Астанада «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің ашылуы өтті

Астанада «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аймақтың тарихын баяндайтын көрмеге ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт мұрасы, 19-20 ғасырларда Сыр бойы қазақтары пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы қойылған. Толығырақ әріптесім баяндасын. 

Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған көрмеге Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Сенат және мәжіліс депутаттары мен ақын-жазушылар қатысты. Келгендер оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығынан табылған қыш дастарханды, саптыаяқтар коллекциясын, қыш қазандықты, керамикалық ыдыстарды, ортағасырлық Қышқаладан табылған глазурлі қаптамаларды қызықтады. Сондай-ақ, мұнда тарихи тұлғалар қолданған қару-жарақ, мөр, кітап, қолжазба, шежіре сияқты пайдаланған жәдігерлер қойылған.

САПАР КӨЗЕЙБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл көрмеге қазіргі таңда б.з.д. 4-5 ғасырдағы Шірік Рабат сақтардың астанасы болған және Ұлы жібек жолында орналасқан қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласының археологиясы барысында табылған құнды жәдігерлердің және Оғыздардың астанасы Жанкент қаласынан құнды жәдігерлеріміз көрмеге қойылды.

Сондай-ақ, көрмеден «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы және маржан көзді алтын сырғалар, тұмар, тамшы формасындағы түймелер және моншақтардың түпнұсқа коллекциясын тамашалауға болады.Биыл қайта жаңғыртудан өткен «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкцияларының да тарихы терең.

ӘЗІЛХАН ТӘЖЕКЕЕВ, Ә. МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ежелгі адамдар киімдерінің реконструкциясы әкелініп отыр. Ең ежелгісі – Түгіскен қорымынан табылған реконструкция көсемінің. Содан кейін Шірік Рабат жауынгері. Бұл б.з.д 4-2 ғасыр. Біздің жасаған бұл – Жетіасар мәдениеті ақсүйек әйел адамының киімі. Алтын Орда кезеңіндегі Шыңғысхан ұрпақтарының әйелдері ғана киген Сығанақтан табылған әйел адамның реконструкциясы әкелініп отыр

Бұл көрме арқылы сыр бойындағы ежелгі өркениет іздерін, Шірік Рабат, Сығанақ, Түгіскен, Жетіасар, Жанкент, Қышқала, Асанас қалашықтарына жүргізілген кешенді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесін көруге болады. Шара биыл Қызылорда облысында жарияланған «Руханият жылы» аясында өтті.