Павлодарда өрттен тоғыз адам құтқарылды, біреуі – ауруханада. Өрттің себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, "101" пультіне сағат 14:56-да Малайсары батыр көшесінде орналасқан үйлердің бірінде өрт шыққандығы туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер төртінші қабатта орналасқан үш бөлмелі пәтердің қонақ бөлмесінде үй заттары, жиһаздың жануы, жалпы жеті шаршы метр алаңда өрт шыққандығын анықтады.
"Өрт сөндірушілер тоғыз адамды эвакуациялады, оның ішінде бесеуі – бала, 18 адам баспалдақпен өз бетінше эвакуацияланды. Апаттық медицина орталығының бригадасымен алты адам, оның ішінде үш бала тексерілді. Алдын ала болжам бойынша, жеңіл түрде жану заттарымен уланған, ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. "103" бригадасы 1938 жылы туған тұрғынды тексеріп, ауруханаға жеткізді", - деп хабарлады департамент.
Сағат 15:15-те өрт толығымен жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында ТЖД күштері мен құралдары – жеке құрамнан 24 адам және жеті техника, апаттық медицина орталығы жұмылдырылды.