$522.63 €548.66 ₽5.07
×

Атырауда 1,5 ай бұрын қаза тапқан қыздың денесін іздеу тоқтатылды

AstanaTV
06.12.2024ж. 12:07
254
Атырауда 1,5 ай бұрын қаза тапқан қыздың денесін іздеу тоқтатылды

2024 жылдың 23 қазанында қызды әлдекімдер өлтіріп, денесін Жайық өзеніне тастаған деген ақпарат тарады. Бұл дерек бойынша 24 және 25 жастағы күдіктілер ұсталып, куәлік берді. Қайғылы оқиғаға байланысты "адам ұрлау" және "адам өлтіру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

22 қазаннан бастап Жайық өзені мен жағалауында іздеу жұмыстары жүргізілді. 20-дан аса қызметкер, 5 техника, 7 су көлігі және ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. ТЖД мәліметінше, іздеу операциясы аясында жағалау мұқият қаралып, Жайық өзенінің түбін сүзу әдісімен 4500 шаршы метрден аса аумақ тексерілген.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері Полиция департаменті көрсеткен орыннан бастап ағыс бойымен 30 шақырым қашықтағы акваторияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылар сүңгуір-құтқару жұмыстарын жүргізіп, эхолот қолданды. Бұдан бөлек, қызметтік иттер мен кинологиялық топ қатысты. Қосымша іздеуге полиция департаментінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және еріктілер де тартылған.

"Іздеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан нәтиже болмады. Іздестірілгеніне 44 күн өтсе де, Янаның денесі табылмады. Күннің суытуына байланысты іздеу жұмыстары тоқтатылды", – деп жазылған хабарламада.

Янаның анасы Галина Легкодимова іздеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеді, сондықтан қызының мәйіті табылмады деп санайды.

"Іздеу жұмыстары жүргізілген жерге бірнеше рет келдім. Жағалауда шамамен сегіз көлік болды, қайықтың бәрі жағалауда байлаулы тұрды. Сағат тілі 10:00 көрсеткен. "Дұрыс іздеп жатқан жоқ" деп қала әкімдігіне шағым жаздым, бірақ ол хатты ТЖД-ға жіберген. Содан кейін бір күні мені алып кетіп, іздеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын көрсетті. Олар маған "әр затты көтеріп, астын қарап жатырмыз, бірақ нәтиже болмай тұр" деді. Кеше іздестіру жұмыстары тоқтатылғанын хабарлады", – дейді Янаның анасы.

Қазір бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, іс әлі сотқа берілген жоқ.