$524.66 €550.21 ₽5.09
×

Мектептердегі тексеріс. 82 млн теңге айыппұл салынып, 611 адам жауапкершілікке тартылды

AstanaTV
06.12.2024ж. 19:51
157
Мектептердегі тексеріс. 82 млн теңге айыппұл салынып, 611 адам жауапкершілікке тартылды

Жоғары аудиторлық палатасының тапсырмасы бойынша жекеменшік мектептер өртке қарсы және санитариялық нормаларды сақтау тұрғысынан тексерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғары аудиторлық палатасының тапсырмасы бойынша мемлекеттен жан басына шаққандағы қаржыландыруды алатын жекеменшік білім беру ұйымдарында санитариялық, өртке қарсы және басқа да нормалардың сақталуына кешенді тексеру жүргізілді.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата орта білім беруде жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысына мемлекеттік аудит жүргізген болатын. Аудит барысында кейбір жекеменшік білім беру ұйымдарында қолданыстағы заңнама нормаларының бұзылуы анықталды.

Осыған байланысты Білім министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесіп жан басына шаққандағы қаржыландыруды алатын жекеменшік оқу орындарын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының, санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың және т. б. талаптарын сақтау тұрғысынан тексеру жүргізу тапсырылды.

Нәтижесінде осындай 542 білім беру мекемесіне жоспардан тыс бақылау жүргізілді.

Оның қорытындысы бойынша 5219 өрт қауіпсіздігін бұзу, 436 мектепте санитариялық нормаларды бұзу фактілері анықталды. Аталған бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 82 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 611 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласын дамытуға баса назар аударады. Бұл мемлекеттік және жекеменшік мектептерге де, сондай-ақ басқа оқу орындарына да қатысты. Мемлекет басшысы 2024 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөлетінін, оның ішінде жекеменшік мектептер де бар екенін атап өтті.

Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді. Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуі тиіс, — деді Мемлекет басшысы.