$515.25 €535.91 ₽5.18
×

Мемлекеттік бағдарламаның арқасында бір топ оралдық жаңа үйге қоныстанды

06.12.2024ж. 20:00
113
Мемлекеттік бағдарламаның арқасында бір топ оралдық жаңа үйге қоныстанды

Әбден тозығы жеткен баспанасынан мемлекет пен мердігердің серіктестігі арқылы құтылған бір топ оралдық бүгін жаңа пәтеріне қоныстанды. Бұл бағдарлама арқылы ескірген тұрғынжайлар жаңартылып, шаһардың шырайы кіріп жатыр. 

Бектемір Аманғалиевтің үйі өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған. Екі қабатты баспананың әбден тозығы жеткен, бөлмелері де шағын болатын. Ескірген пәтері есті шығарған тұрғындар құрылыс компаниясы жаңасын салып берейік дегенде қатты қуанып, бірден келісім берген. Осылайша екі жылдан кейін 13 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды.

БЕКТЕМІР АМАНҒАЛИЕВ, ТҰРҒЫН:

Бұрынғы үйде бөлмелері кішкентай болды, бұрынғы есть бұрынғы. Кухнясы кішкентай, залы деген 18 квадрат, кіре берісі бәрі кішкентай болды. Қазіргі үйім тамаша шынын айтқанда. Кең, бұрынғы үйден жақсы, өте жақсы.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидаты арқылы апатты үйлердің орнына жаңасы салынады. Мердігер мекеме үй иелеріне жаңа пәтер береді де, артылғанын өзі сатып, шығынын жабады. 6 жылда шаһардың шырайын кіргізген бұл бағдарламаның шарапатын көргендер аз емес - 36 апатты үйдің орнынан 16 баспана бой көтеріпті.

МҰРАТ БӘЙМЕНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл бағдарламаны әрі қарай іске асырамыз деген жоспарымыз бар. Себебі білесіз ғой, қаламыз ескі. 40,50-ші жылдары салынған үйлер бар. Солардың орнына жаңа үй саламыз деген ойымыз бар. Тұрғындар жақсы қабылдап жатыр. Себебі жаңа үй, сапалы салынған. Сондықтан тұрғындар өте қуанышты.

Бүгінде қалада осы бағдарлама бойынша тағы 7 үй салынып жатыр. Әкімдік апатты үйлердің санын осылай азайтамыз деп отыр.