Астана қаласында нашақорлыққа қарсы акция жалғасып жатыр. Есіл ауданына қарасты Шұбар шағын ауданында «Астана – есірткісіз қала» шарасы өтті. Акцияны қала әкімдігі ұйымдастырды. Шарада еріктілер көшедегі қоршаулар мен электр бағандарына салынған суреттер мен жазуларды өшірді. Яғни, есірткі заттары сатылатын сайттардың атауларын бояды.
Бұл Есіл ауданы әкімдігінің алғаш рет ұйымдастырған шарасы емес. Олар жарты жылдың ішінде үшінші мәрте наркографиффитилердің көзін жоюға шықты. Мемлекеттік қызметкерлер тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында есірткі жарнамасы бар қабырғаларды еріктілердің көмегімен өшірді.
АЛЬНИЯЗ ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, ЕСІЛ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ ӘЛЕУМЕТТІК САЛА БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Қала әкімінің жоспары бар. Соған орай біз рейдтік шараға шыққанбыз. Осы соңғы 6 айда үшінші рет шығып жатырмыз. Соңғы шыққан екі рейдте 12 локация болғандықтан 24 граффитиді сызып тастадық.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, наркограффити салғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Есіл ауданы бойынша жыл басынан бері 4 есірткі қылмысы тіркелген. Олардың үшеуі бас бостандығынан айырылса, бір заң бұзушы айыппұлмен шектелген.
ЖАЛҒАС ШАЛҚАРБАЕВ, ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ПБ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 бабы бойынша наркотиктің қанша грамына байланысты және сол баптың екінші бөлігі бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады адам. Осы жылдың басынан бері біздің ауданда 4 рет граффити бойынша ұстадық. Наркотик бойынша 4 қылмыс аштық.
Жастарды зиянды әдеттерден аулақ ұстауды мақсат тұтқан шара еріктілердің көмегінсіз өткен емес. Елордалық жастар бұған дейін есірткі жарнамасы бар жүздеген граффитилерді өшірген. Сондай-ақ олар есірткіге қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жастарға семинар-тренингтер өткізіп келеді.
СҰЛТАН ӨМІРҒАЛИЕВ, «АСТАНА ЖАСТАРЫ» ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ:
Бізде жылдың басынан, жылдың аяғына дейін қабырғаларды бояу бойынша нашақорлыққа қарсы 40-тан астам акция өтті. Астана қаласының 5 аудан әкімшілігімен болды. Алматы, Есіл, Нұра, Сарыарқа, Байқоңыр ауданымен. Бүгін міне, Есіл ауданы әкімшілігімен бірлесіп, прокуратурамен, полиция қызметкерлері, нашақорлыққа қарсы күресетін басқармаларымен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз.
Еріктілер күннің суықтығына қарамастан есірткі жарнамаларын өшіруде белсенділік танытты. Олар өз замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
СОФИЯ СОРОКИНА ЕРІКТІ:
Біз ерікті ретінде қала әкімдігінің қолдауымен акцияға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Есірткіге жол бермеу мақсатында ұйымдастырылып жатқан шараларға атсалысып келеміз. Жастарды жаман әдеттен сақтайтын мұндай науқан үнемі ұйымдастырылып тұрады. Ал мен көшедегі жазуларды өшіруге алғаш рет шығып тұрмын.
Мамандардың айтуынша, жыл өткен сайын наркограффити салушылар көбейіп барады. Дені 19-20-дағы жастар. Олар жеңіл ақша табуды көздейтін көрінеді.