$524.66 €550.21 ₽5.09
×

Ұлыбритания азаматы Қазақстанға велосипедпен келді

AstanaTV
07.12.2024ж. 08:02
127
Ұлыбритания азаматы Қазақстанға велосипедпен келді

Ұлыбританиялық Аманжол Келлэт Қазақстанға велосипедпен келді. Ол Лондоннан Алматыға дейінгі 10 мың шақырым жолды бес айда жүріп өткен, деп хабарлады turkystan.kz сайты 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

«Сіздердің елде менің туыстарым тұрады. Солармен жақынырақ танысқым келді. Қазақстанға келуді көптен бері жоспарлағам. Бірақ ұшақпен емес, велосипедпен келгім келді», – дейді Аманжолдың өзі.

Менің есімімді Аманжол деп тегін қоймаған. Ес білгелі саяхаттағанды жақсы көрем. Ұлыбританияның өзінде қала арасына велосипедпен қатынаймын. Міне жол амандығын беріп, Қазақстанға да келіп қалдым», – дейді саяхатшының өзі.

Аманжолдың анасы қазақ, әкесі ағылшын. Қазір жасы 25-те. Қазақстанға 9 жасында бір келіп кеткен. Ол кезде бала болып, ештеңенің парқын түсінбегенін айтады.

 «Мен Ұлыбританияда туып-өстім. Анам жағынан туыстарымды жақын танымаймын. Сондықтан келіп тіл үйреніп, Қазақстанның салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысқым келді. Сіздердің елдің жері кең екенін жақсы білем. Табиғаты сан алуан. Климаты да әрқилы болып келеді екен. Соның бәрін өз көзіммен көрдім», – саяхатшы Аманжол Келлэт

Аманжолдың мамандығы сәулетші. Саяхатқа шыққанға дейін біраз ақша жинаған. Айтуынша, оның бәрі жол шығынына кеткен. Туыстары, дос-жарандары, тіпті өзі танымайтын бөтен адамдар да кол ұшын берген. Ол 2 маусымда велосипедпен Лондоннан шығып, бес ай жол жүріп, Алматыға жеткен.

 «Мен Қазақстанға Атырау жақтан кірдім. Сол кезде жаз қатты ыстық болды. Кейбір жерде қатты жел соқты. Оның үстіне көліктер қасымнан қатты жылдамдықпен жақын өтіп жатты. Иттер үріп, қуған кезі де болды. Саяхат болған соң, әрине, мұндайлар болып тұрады. Бастысы көздеген жеріме, анамның туған еліне аман-есен жеттім. Қазақтар өте қонақжай екен. Жолда кездескен адамдардың бәрі қандай көмек керек деп сұрап жатты. Атымның Аманжол екенін білгенінде таңданып, қолымды алып амандық тіледі», – саяхатшы Аманжол Келлэт.

Аманжол Қазақстанға кірген соң жолында кездескен көрнекті орындарға соғып отырған. Оған анасы жағынан туыс болып келетін әпкесі Әйгерім кеңес берген.

«Мен өзім Англияда оқығам. Сол кезде ол маған басқа қаладан велосипедпен келген. Бізге 2016 жылы келген. Ол кезде бала ғой. Ал осы жолы елге келген соң қай жерде не бар екенін айтып отырдым. Оның алған әсері керемет. Алматыны аралаттым. Медеуде, Шымбұлақта болды. Сенесіз бе, ол тауды, қазақтар сияқты ет жегенді жақсы көреді», – Аманжолдың туысқаны Әйгерім Есенәлиева.

Аманжол Келлэт Қазақстанға жеткенге дейін 20-ға жуық елді басып өткен. Саяхаты 146 күнге созылған. Енді ол анасының туған жері Петропавл қаласына барып, жақындарымен қауышпақ.

«Одан кейін Өзбекстан мен Қытайға барсам», – дейді. Ал Наурыз мейрамын Алматыда қарсы алғысы келеді.