Латын әліпбиіне көшу барысында
кирилл қаріпімен жазылған еңбектер тарих қойнауында қалып қоймайды. Оны жаңа
технологиялардың көмегімен қайта жаңғыртуға болады.
Бүгін Назарбаев университетінде
өткен дөңгелек үстелде Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты
директорының орынбасары осылай деді. Анар Фазылжанованың айтуынша, құнды
дүниелер мен жазбалар, сондай-ақ, әдебиет пен ғылымның жетістіктерінен айырылып
қаламыз деп дабыл қағу артық. Латын әліпбиіне көшудің астарынан солақай саясат
іздеудің де қажеті жоқ. Бұл бірінші кезекте, тілдің өміршеңдігін сақтау үшін
жасалып отырған шара, деді.
Анар Фазылжанова, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары:
Негізгі емле-ережелер бекітілгеннен кейін, мәселен, сіз айти маманы болсаңыз, сол ережелерді береміз. Бекітілген әліпбиді береміз. Сөйтіп, сіз соған сүйене отырып, кирилл графикасындағы мәтінді латынға ауыстырудың айти бағдарламасын жасайсыз. Ол, әрине, мүмкін. Сөйтіп ол бағдарламалар қолжетімді дүниеге айналуы керек.
Латын қаріптерін қолдану барысында халықтың тең жартысы сауатсыз болып қалады деген қауесет те шындыққа жанаспайды. Жиынға қатысушылардың пікірі осы. Керісінше, мемлекеттік тілді меңгеруге жасалған оң қадам деп бағалап отыр. Назарбаев университетінің профессоры Джон Шоберлайн, латын әліпбиіне көшу мерзімі мемлекеттің жүйелі жұмысына байланысты, деп отыр.
Джон Шоберлайн, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры:
Өзбекстан латын әліпбиіне
көшуді ұйғарған еді. Бірақ бұл процесс әлі күнге аяқталған жоқ. Кирилл
алфавиті әлі күнге қатар қолданылып келеді. Бұл жерде мемлекеттің саясатты
қалай жүргізгеніне байланысты. Жүйелі түрде қарастырса, Әзірбайжан сияқты аз
уақыттың ішінде көшіруге болады.