«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау жөніндегі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өтіп, жеңімпаздар анықталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жыл сайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен беріледі.
Нәтижесінде комиссия 6 бағыт бойынша ең жоғары балл жинаған 30 жобаны іріктеп алды.
Грант иегерлерін марапаттау рәсімі желтоқсан айында Астанада өтеді. Жеңімпаздар жобаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттен 3 миллион теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетіледі.
Айта кетейік, биыл өтінімдер 5 тамыз бен 6 қазан аралығында қабылданды. Келіп түскен 1284 өтінімнің 897-сі қабылданды. Атап айтқанда, «Бизнес» бағыты бойынша – 495, «Ғылым» бағыты – 62, «Мәдениет» бағыты – 107, «Ақпараттық технология» бағыты бойынша – 94, «Медиа» бағыты – 66, «Волонтерлік» бағыты бойынша – 73 өтінім.