Алматыдан Дели қаласына ұшып келген рейстің үш жолаушысы стюардессаның ұсынған тамағынан бас тартқаны үшін Дели әуежайында қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN-News порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұшақ бортында жолаушылардың ерекше сабырлы және әдеттен тыс әрекеттері бортсеріктің күдігін тудырған. Көпшілік жолаушы тамақ ұсынысын қабылдаған кезде, үш ер адам барлық ұсыныстан бас тартып, тыныштық сақтаған. Бортсерік олардың мінез-құлқына алаңдап, сусын немесе шай ұсынуға тырысқанымен, әр жолы бас тартуды тоқтатпайды.
Бұл туралы бортсерік капитанға хабарлап, ол өз кезегінде Дели әуежайындағы кедендік қызметтерге әуе диспетчерлік қызметі арқылы ескерту жасаған.
Дели қаласындағы Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайға ұшақ қонғаннан кейін, кеден қызметкерлері үш жолаушыны ұстауға дайын тұрды. Жасыл дәліз арқылы өтуге қарамастан, оларды тоқтатып, жауап алды. Жолаушылардың жүгі рентгендік тексерістен өтті, бірақ алғашқы кезеңде ештеңе табылған жоқ. Металл детектормен тексеру де нәтиже бермеді.
"Сәтсіз талпыныстардан кейін кеден қызметкерлері үш жолаушыны жеке бөлмеге алып, жауап алды. Жауап алу барысында олардың бәрі алтын құймаларын тік ішекке жасырғанын мойындады", – делінген материалда.
Одан кейінгі тексеріс барысында жалпы салмағы 439 грамм болатын сегіз алтын құймасы табылды. Барлық үш жолаушы тұтқындалып, қамауға алынды. Олардың азаматтығы туралы ақпарат жарияланбаған.