Елімізде ұтыс ойындарынан бас тартқандардың саны 170 мыңға жуықтады. Бәс тігуге өз-өзін шектегендердің дені онлайн түрде өтініш берген. Әсіресе, ойын бизнесі, лотерея қызметі мен лудомания заңы қабылданғаннан кейін құмар ойыны қақпанына ілігетіндердің қатары азайды.
Елімізде әрбір бесінші адам құмар ойнайды. Тапқан-таянғанын бәске тігетіндердің саны 400 мыңға жеткен. Соңғы 2 жарым жылдағы көрсеткіш осындай. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев лудоманиямен күресуге бағытталған заң жобасын талқылауда құмар ойынның халыққа тигізіп жатқан зиянын санамалап берген болатын.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ажырасулардың да 40 пайызы осы лудоманияға тікелей байланысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың да дені осы құмар ойынына шалдыққандар. 2022 жылдың есебі бойынша елімізде 3600-ден астам азамат өз-өзіне қол жұмсаса, оның әрбір бесіншісінің себебі осы лудомания екен. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың да 20 пайызы осы лудомандар екені белгілі болып отыр.
Лудоманияға қарсы заң бірнеше рет талқыланды. Екі жыл кем-кетігі дұрысталып, толықтырылған құжатқа биыл шілде айында Президент қол қойды. Жаңа заң қыркүйекте күшіне енді. 500 млн теңгені құмар ойынға салған 300-ге жуық мемлекеттік қызметкердің бәс тігуіне тыйым салынды. Мемлекеттік және әскери қызметкерлер мен бюджеттік ұйым басшылары құмар ойнаса, жұмыстан шығарылады.
ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бұл жерде мемлекеттік қызметшінің мәртебесін сақтау үшін, елдің қазынасын, қаржысын сақтау үшін мемлекеттік қызметкерлерге ойын ойнауға тиым салу міндетті түрде деп ойлаймын. Өйткені 200-300 мың теңге мемлекеттік қызметте жалақы алып, көптеген миллион теңге мемлекетттің қаржысын бәске тігіп жіберген азаматтар бар.
Заң аясында 21 жасқа толмағандарға да бәс тігуге тыйым салынды. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, кино мен бейнежазбаларда букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноларды жарнамалауға шектеу қойылды. Бәс тігуді насихаттаған блогерлер мен қоғам белсенділері 200 мың теңге айыппұл арқалайды.
ГАУҺАР БЕКТАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Мен ойын бизнесіне жарнама үлкен әсер етеді деп айта аламын. Ақшадан қысылып, қиналып жүрген адам көрсе ойы өзгеріп, бір рет бәс тігіп көрейін деп ойлайды. Осылай құрдымға кетеді. Әсіресе жасөспірімдердің жарнаманың құрбаны боп жатады. Себебі олар салдары қандай боларын білмейді. Заң бойынша жарнамалуға,21 жасқа толмағандарға құмар ойнауға тыйым салғаны өте дұрыс болды.
Ұтыс ойынына қатысып, қарызға белшесінен батқандарға да казино мен букмекерлік кеңселердің есігі жабық. Қазір кез келген қазақстандық өз-өзіне ұтыс ойнамауға 10 жылға дейін онлайн түрде шектеу қоя алады. Өтініш eGov қосымшасы арқылы беріледі. Арыз туыстардың атынан қабылданбайды.