Заңға сай Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қоры активтерін инвестициялық басқару Ұлттық банктің құзырында.
Сондықтан қор мен директорлар кеңесі сатып алу-сату істеріне араласа алмайды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева Әзірбайжан
банкіндегі зейнетақы қаражатына қатысты осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол
Tengrinews.kz. порталындағы интернет-конференция кезінде айтты. Ал "Қаржы министрлігі" зейнетақы
активтерін инвестициялық басқаруда шешім қабылдауға қатысы бар екендігін қуаттады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы
министрі:
Бұл менеджменттің
жауапкершілігі. Бұл мәселе қарастырылып жатыр. Бірақ бұл туралы кейінірек
айтатын боламыз.
Ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі қор салымшыларының мүддесін қорғауға дайын екендігін білдірді. Министрі Қайрат Әбдірахманов өтініш түскен жағдайда дипломатиялық каналдар арқылы Әзірбайжанның тиісті құрылымдарымен бірге жұмыс істейтіндігін жеткізді. Банкрот болған әзірбайжандық банкте зейнеткерлер қаржысының қалуы депутаттар мен экономистерді бей-жай қалдырмады.
Депутаттар жауаптыларды жазға
тартуды ұсынды. Экономист Рахым Ошақбаевтың сөзінше, Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қоры әзірбайжандық банкке 71,6 миллиард теңге құйыпты. Бірақ Ұлттық
банк әлі күнге үнсіз отыр. Сондықтан қор қаражаты банктегі облигацияларды сатып
алуға жұмсалғаны не депозит ретінде салынғаны белгісіз.
Еркін КАРИН