Елімізде 6 млн 800 мың бала болса, олардың әрқайсының құқығы мен мүдделерін қорғау – мемлекеттің басты міндеті. Тұтастай қоғамның келешегі саналатын өскелең ұрпақтың қауіпсіздігіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән береді. Мемлекет басшысының биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін Заңға қол қоюы осыған дәлел. Нәтижесінде әйелге қол көтеріп, балаға зорлық қылғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Заң күшіне енгелі не өзгерді? Қандай шаралар қолға алынып жатыр? Мөлдір Жақан айтады.
15 сәуір. Қоғамның талабы назарға алынып, көптің пікірі ескерілген күн. Мемлекет басшысы қызу талқыға түскен Заңға қол қойды. Мақсат - әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мәжіліс 2020 жылы бірінші оқылымда мақұлдаған заң жобасын дайындауға түрлі сарапшы мен мемлекеттік органдардан тұратын үлкен топ жұмыс істеді. Сөйтіп Заң 13-ші маусым күшіне енді.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бізде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу баптары криминализацияға жатты. Бұл да қоғамның сұранысы болды. Өйткені 2017 жылдан бастап осы екі бап әкімшілік құқық бұзушылық кодексқа енгізіліп, сол арқылы реттелген болатын. Бірақ осы 6 жыл ішінде отбасылық зорлық - зомбылық аясында ана мен баланың соққыға жығылуы, жалпы өлімі 3 есеге дейін көбейді. Бұл өте қиын статистика. Сондықтан осы мәселені шешу қажет болды.
Енгізілген нормаларға сәйкес, педофилияға өмір бойына соттау жазасы белгіленді. Балаларға қатысты жасалған қылмыстарға татуласу рәсімі де енді мүмкін емес. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені, яғни, буллинг үшін алғаш рет әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Тіпті, бұдан былай жол ақысын төлемеген балаларды мәжбүрлеп қоғамдық көліктен түсіруге де заңмен тыйым салынады. Ал суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Биыл осыған қатысты 8 іс тіркелді.
ДИНАРА ЗӘКИЕВА, ҚР БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:
Зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін біраз түзетулер көзделген. Атап айтқанда, отбасыларға, балаларға көмек көрсететін инфрақұрылым құру бойынша, 111 мемлекеттік сенім телефонына қатысты түзетулер бар. Жергілікті жердегі бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге түзетулер бар.
Түзетулер енгізілмей тұрып елімізде буллинг бойынша арнайы статистика да жүргізілмеген. Олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекеттік органдар буллингтің алдын алу үшін қажетті іс-әрекет алгоритмін дайындады. Бүгінде 149 факті тіркеліп, сотқа жолданды. Сондай-ақ биылғы оқу жылынан бастап мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілді.
ЕДІЛ ОСПАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қазіргі таңда барлық мектептерге антибуллинг бағдарламаларын енгізу бойынша жүмыстар жүргізілуде. Екі маңызды бағдарлама жсалып, енгізіліп басталды. Бірінші - КИВА бағдарламасы. Екінші – отандық ғалымдар үздік тәжірибелерді зерделей келе антибуллингтік бағдарлама әзірлеп шықты, оның атауы Дос Болайық.
Биыл Президенттің тапсырмасымен елімізде алғаш рет 20 психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бір жылда 240 мың оқушыға және олардың отбасына көмек көрсетілді.
АБЫЛАЙ ТАКИРОВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Биыл оқушылар арасында 70 бопсалау фактісінің жолы кесілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Демек, бұл полиция қызметкерлерінің нәтижелі жұмысын көрсетеді. Биыл "Ұрып-соғу" және "Жеңіл дене жарақатын келтіру" сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтың екі құрамы криминализацияланды. Сондықтан осы тұста да қылмыстың өсуін байқауымыз мүмкін.
Қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітіліп, іске асырылып жатыр.