$494.84 €537.4 ₽5.58
×

Қызылжарда “Серпін” бағдарламасымен оқыған жастардың көбі жұмыспен қамтылмай жатыр

10.12.2024ж. 20:00
245
Қызылжарда “Серпін” бағдарламасымен оқыған жастардың көбі жұмыспен қамтылмай жатыр

Қызылжарда “Серпін” бағдарламасының нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Аталған жобаның аясында оңтүстік өңірлердің жастары теріскейдің жоғары және орта арнаулы оқу орындарында тегін білім ала алады. 2014 жылы іске қосылған бағдарламаның аясында осы уақытқа дейін 1300-ден астам студент білім алған. Алайда, мамандардың басым бөлігі жұмыспен қамтылмаған. Мәселенің себебін аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтап көрді.

Шымкент қаласының тумасы Жанислам Жұбай Серпін бағдарламасымен 2014 жылы Петропавлға алғашқылардың бірі болып келген. Студент темір жол колледжіне түсіп, үш жылдан кейін маман иесі болды. Алайда, бұл салада бос орын таба алмай, жеті жылдан бері түрлі жалдамалы жұмыс істеп күнелтуде.

ЖАНИСЛАМ ЖҰБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біз депода, вокзалда практикамызды өттік. Ол кездің өзінде жұмыс бар, ертеңгі күні келіңдер деп ешкім айтқан жоқ. Біз сол кезде сұрадық: оқу бітірген соң келсек, аласыздар ма, деп сұрағанда, бізде бос орын жоқ деп бүкіл жерден шығарып салды.

10 жылда Серпін бағдарламасы арқылы күнгейден 1352 бала келіп, грантпен білім алған. Алайда, оқуды бітіре сала оның үшінші бөлігі ғана жұмыспен қамтылған. Кейбірі мамандық бойынша міндетті жұмыс істеу мерзімінен босатылса, қалған маман иелері қайтадан оңтүстікке қоныс аударыпты.

НАСИХАТ СМАЙЫЛ, ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ “СЕРПІН” ҚОЛДАУ КЕҢСЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Олардың жұмыспен қамтылмағаны 590ның шамасында. Себебі оның ішінде түрлі жағдайлармен босатылған. Мысалы әрі қарай магистратураға оқу түседі, бала күтіміне қатысты декреттік демалысқа кететін, мүмкіндігі шектеулі, жұмысқа жарамсыз болып қалған жағдайда немесе өлім себептеріне байланысты мемлекеттің отработкадан босатылатын өзінің ережесіне сәйкес босатылып отырған.

Ал жастар орталығының өкілі Әл-Фараби Мыңбай жас мамандарды жұмыспен емес, баспанамен ғана тоқтатуға болатынын айтады. Жастарға жаппай тегін пәтер ұсыну қажет деп есептейді. Бүгінде жергілікті билік салып жатқан баспаналардың барлығы әлеуметтік әлжуаз тобына беріліп жатыр.

ӘЛ-ФАРАБИ МЫҢБАЙ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Жастардың жұмысқа орналасқанның өзінде тұрақжай мәселесі. Мысалы жергілікті жастардың өзінде баспана табу қиын. Сондықтан жергілікті жастардың және жалпылама жастардың мәселесін шешу үшін жастарға жалдамалы пәтерлер көптеп салынуы қажет. Диплом алған жас маман жұмысқа орналасқанның өзінде тәжірибесі жоқ, жалақы мөлшері аз болғанымен, бірақ ол пәтер жалдауда қиналмайтын болады. Бұл жастардың осы өңірде қалуға қандайда бір септігін тигізеді.

Айта кету керек, грантпен оқып, міндетті жұмыс істеу мерзімінен бас тартқан мамандар 4 жылға кеткен шығынды қайтаруы тиіс. Жергілікті билік оны сот арқылы өндіріп алмақ.