$522.63 €548.66 ₽5.07
×

Маңғыстау облысының әкімі Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті

Маңғыстау облысы әкімнің Жаңаөзен жұртшылығымен кездесуі таңғы 4-ке дейін созылды. Рекордтық жүздесу 18 сағаттан асты. Жиында аймақ басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. Есеп беруден соң, қала тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдады.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың есеп беру жиынына халық көп жиналды. Аймақ басшысы жиынды қаланы дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы ақпараттан бастады. Айтуынша, қазір қалада жастарға арналған «Bolashaq Sarayi» сарайы салынуда. Сондай-ақ тұрғындар үшін сапалы жол инфрақұрылымын құру бағытында 13 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 8 жоба «Ауыл – Ел бесігі» және «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары шеңберінде қолға алынған. Сонымен қатар әкім жұмыссыздық мәселесі мен оған тіркелу жолдарын да атап өтті.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Негізі барлық мекемелермен келісім бар. Қазір программа бар, компьютерге енгізіп қоятын. Соның бағдарламасын қазір «ҚазМұнайГаз» жасап беріп жатыр. Сол жасап бергеннен кейін бар вакансияны жұмыссыздық көріп отыруы керек жаңағы кезекте тұрған азаматтар. Сосын барып ұсыныс болады. Мысалы УМС-те босаса, сіздің балаңыз бірінші болып тұра ма, УМС-те босады деп.

Кездесуге жиналған халық тұрғын үй, жұмыссыздық, жол мәселесі, кәсіпкерлік, білім саласы мен үлескерлерге қатысты мәселелерді көтерді.

ӘСЕМ ІРГЕБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізде Жааңаөзенде өзімізден зауыт ашылып жатыр. Алдағы уақытта бәріміз өз кезегімізді күтіп отырмыз. Сол зауытқа келешекте жұмыс жасаймыз деген үміттеміз.

БАЛТАБАЙ БЕКТЕМІСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Баяғы 30 мың халыққа арналған ел қазір 150 мыңнан астам болды. Бірақ біздің күре жолдарымыз сол қалпында тұр. Соны кеңейтуге ұсыныс жасадым.

Ресми бөлімнен кейін өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындардың дені пандустардың жарамсыздығына шағымданды. Облыс әкімі қала басшылығына жағдайды түзетуді тапсырды. Бір тәулікке жуық уақытқа созылған жиында тұрғындардың әрқайсысы өз сауалдарына жауап алды.