$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда пластиктен құрылыс материалдары өндіру ісі қолға алынбақ

AstanaTV
18.05.2017ж. 20:00
2625
Атырауда пластиктен құрылыс материалдары өндіру ісі қолға алынбақ

Атырау қаласында пластиктен құрылыс материалдары шығарылмақ. «Таза қала» акциясы аясында еріктілер шаһарда арнайы контейнерлер орнатты. Осылайша, белсенділер тұрғындарды күл-қоқысты бөлшектеп жинауға үйретпек. Шараны ұйымдастыруға жергілікті кәсіпкер ұйтқы болған. Ол шикізатты өңдеп, туған жерінде бірегей өндірістің түрін іске қосуды жоспарлап отыр.

Пластикті өңдеп, одан құрылыс материалдарын өндіру идеясын Әзілхан Байбатыров көптен бері армандаған. Биыл ойлаған ісін жүзеге асыруға кірісіп кетті. Еріктілердің көмегімен қалада пластик жинайтын арнайы контейнерлер орнатуда.

Әзілхан Байбатыров, кәсіпкер:

Бағдарлама бар қалаға арналған. Біз пластик қалдықтар жиналатын кәсіпорындарды тартып жатырмыз. Аптасына 1-2 рет пластикті жинап, оны сығымдап, өңдейміз. Болашақта бұл пластиктен тротуарлық плиткалар мен бордюрлер жасау көзделген.

Пластикті жинау ісіне 50-ге жуық ерікті тартылған. Алынған өнім арнайы жәшіктерге топтастырылады. Ұйымдастырушылар бір жылдың ішінде контейнерлер санын 100-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қоса, белсенділер қатты қалдықтарды жекелей жинаудың маңыздылығын тұрғындарға түсіндіруде.

Кәсіпкер жаңа цехті жуық болашақта іске қосуды көздеп отыр. Әзірге «жасыл патль» бұқараны қалдықты бөліп жинауға үйретуге ниетті. Бастаманы тұрғындар да қолдаған.

Светлана Крюкова:

Қала бұдан да таза болады. Мысалы, мен жол-жөнекей жеке урнаны көрсем, сәйкесінше пластикті соған тастайтын болам. Сондықтан жәшіктерді әр шағын ауданда қою керек. 2-3-тен емес, қалада 10-ы болса да, аздық етеді.

«Спецавтобаза» ЖШС мәліметінше, Атыраудың қоқыс полигонына күніне 2 жарым тоннаға дейін тұрмыстық қалдық шығарылады. Бір айлық көлем - 80 мың текше метрді құрайды. Оның басым бөлігі - пластик бұйымдары, құтылар, тұрмыстық техника мен ойыншықтар. «Таза қала» акциясына 1 маусымнан студенттік «Жасыл ел» жасағы да атсалысады. Сөйтіп, пластик жинау ісіне 600 ерікті жұмылдырылмақ.

Айбек Қосан, Алия ЖАМИТОВА